Қордайда вакцина шығаратын зауыт іске қосылды

Жаңа кешен жұмысымен Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы ұжым қыметкерлерімен кездесіп, ғалымдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.   

Вице-премьер жұмыс сапарының екінші күні Қордайда жалғасты. Үкіметтік делегация бірінші кезекте Отардағы вакциналар шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылыс барысын тексерді. Ғалымдармен кездесіп, олардың атқарған жұмыстарына оң баға берді. Әсіресе қауіпті індет коронавирусқа қарсы күреске қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, арнайы сертификат пен лицензияны табыстады.

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

- Институтта жұмыс істейтін азаматтарға, әсіресе олардың әлеуметтік сұрақтарына байланысты шешімдерді көріп шықтық. Берілген нақты тапсырмалардың толықтай орындалып жатқанына көзімізді жеткіздік.

Үкімет басшысының орынбасары отандық және шетелдік мамандарға арналған 3 көп қабатты тұрғын үйдің және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Қазір мұнда ішкі және сыртқы әрлеу, шатырды орнату, инженерлік жүйелерді жүргізу сияқты жұмыстар қатар жүріп жатыр.

Күнсұлу Закарья, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтының бас директоры:

- QazVac вакцинасын әзірлеген ғалымдарға үлкен әлеуметтік көмек беріліп отыр. 63 жыл бойы өзіміздің жеке басымызда үйлер болған емес. Үш 60 пәтерлік үй салынып, артымызда 180 пәтерлі үйлер дайын.

Вице-gремьер «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген Отар ауылындағы дене шынықтыру – сауықтыру кешенін де аралап көрді. Айта кету керек, былтыр аудан мен облыс орталығында 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Биыл жыл соңына дейін тағы да осындай 11 кешен ашу жоспарланған.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...