Павлодар облысында жаңа мәдениет үйі бой көтереді

Есілбай ауылында мәдениет үйі бой көтереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа ғимараттың құрылысын желтоқсан айында аяқтау көзделген. Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы бұл елді мекен тұрғындары осы мәселені 20 жыл бойы көтеріп келген еді. Олар шағын ауылдың үлкен мәселесіне жергілікті билік тұрмақ Мәжіліс, Сенат депутаттары назар аударғанын сұрап, талай мәрте арызданған. Сөйтіп өтініш аяқсыз қалмады. 150 млн теңгеден аса қаражат бөлініп, мәдениет үйінің құрылысы басталды. Ал осы Есілбай ауылындағы клуб 24 жыл бұрын орман өрті кезінде тұтастай жанып кеткен екен.

Қисамиден Машенов, Есілбай ауылының тұрғыны:

- Ауылымызға енді көңіл бөлініп жатыр. Өткен жылы су құбыры тартылған еді. Биыл міне, мәдениет үйі салынып жатыр. Медпункт биыл 12 миллионға күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.

Әзілхан Әбеуов, Шарбақты ауданының әкімі:

- Келесі жылы ауыларалық жолдарды жөндеуді қолға аламыз. Біздің ауданда бұл мәселе бар. Бүгінгі таңда ауылдардың 90 процентінде өкінішке қарай асфальт жоқ. Сондықтан аудандық жолдарға шамамен 4 миллиард теңгенің жобасын дайындап отырмыз.