Алматы қарқынды даму үстінде

Алматы күні қарсаңында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһар көркін ашатын бірнеше нысанды аралап, жөндеу жұмысы аяқталғандарының ашылуына қатысты.

Атап айтсақ, Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражайы маңындағы сквер мен субұрқақ пайдалануға берілді. Сондай-ақ жарты ғасыр бұрын салынған «Неделька» субұрқағы көпшіліктің көзайымына айналды.

Елдегі ең ірі көркемсурет мұражайының маңы енді көпшілік серуен құрып, тыныстайтын орынға айналды. Себебі мұндағы сквер мен субұрқақ салынғалы бері алғаш рет, яғни 50 жылдан кейін реставрацияланды. Осылайша тарихи нысандар заманауи үлгімен үйлесім тауып, безендірілді. Жалпы 2,5 мың шаршы метр жер абаттандырылған. Құрылысты шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаев назарда ұстады.

Алтынжан Қожамұратова, Ә.Қастеев атындағы өнер музейі директорының орынбасары:

– Музей маңын абаттандыру мұнымен тоқтамайды. Аймақты жаңартып, безендіруді одан әрі жалғастыра береміз. Осылайша тұрғындардың сүйікті мекеніне айналады. Қонақтар музейге ғана емес, скверде серуендеу үшін келетін болады.

– Қала күні қарсаңында Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрының маңындағы гүлзар ашылды. Сондай-ақ жарты ғасырлық тарихы бар «Неделька» субұрқағы жаңарды. Құрылыс кезінде Сәулетшілер оның бұрынғы кейпін сақтап қалуға барынша тырысқан. Субұрқақты қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ашты.

Әділ Әзиев, архитектор:

– Бұл – алматылықтардың серуендеп, тынығатын ең сүйікті жерінің бірі. Жалпы, Байсейітова көшесі – жаяу жүргіншілер үзілмейтін үлкен даңғыл. Сондықтан оны жаңартқанда бұрынғы сәулет үлгісін сақтап қалдық. Барлығы сол баяғы қалыпта тұр.

Алматыда аумағы 10 мың шаршы метр болатын шығармашылық орталық салынбақ. Мега жоба Бақытжан Сағынтаевқа таныстырылды. Жоспар бойынша онда өнер мұражайы, саябақ, креативті квартал мен балет театры және өзге де нысандар болады. Құрылысы биыл қарашада басталып, екі жылдан кейін аяқталады деп жоспарланған.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа