Елімізде I топ мүгедектеріне күтім жасап отырғандарға жәрдемақы төленеді

Бұған азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері туралы заң негіз болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

24 мың отбасы қосымша әлеуметтік қолдауға ие болады. Сондай-ақ 7 мен 16 жас аралығындағы балаларды мүгедектік тобына бөлу қарастырылды. Осылайша, I және II топтағы 30 мыңнан аса ерекше балаға жәрдемақы көлемі ұлғайтылады. Бұрын мүгедек бала жетім қалса, оған тиесілі жәрдемақының біреуі ғана төленетін. Қабылданған заң аясында бала мүгедектігі мен асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақыны бір мезетте алуға құқылы. Жалпы осындай заң талаптарын орындау үшін алдағы екі жылға 55 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар биылдан бастап мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасының тұрғын үй кезегінде тұру тәртібі өзгерді. Енді 20 мың жанұя баласы 18-ге келгенше кезекте тұра алады.

Ерлан Әукенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Отбасылар мүгедек баласы 10-ға толғанша ғана тұрғын үй кезегінде тұрып келді. Кәмелеттік жасқа толғанда ол ересек адам ретінде кезекке қайтадан тұруы тиіс еді. Оның өзінде мүгедектіктің бірінші не екінші тобы алуы керек болды. Үшінші топтағылар бұл мүмкіндіктен де қағылған. Енді бала 18-ге толғанша баспана мәселесін шешуге болады.