Қазақ – Әзербайжан қатынасы қарқынды дамып келеді

Президент Әзербайжан Милли Мәжілісінің спикері Сагиба Гафарованы қабылдады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы байланысты жоғары бағалады. Ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Кейін Президент Ильхам Әлиевпен әрдайым байланыста екенін жеткізді. Мемлекет басшысы екі елдің парламентаралық диалогының жанданып келе жатқанын да ерекше атап өтті. «ТүркПА-ның жуырда өткен отырысының қорытындылары – мұның анық дәлелі. Аталған жиын өте табысты болды және бірлескен мазмұнды құжат қабылданды», – деді. Өз кезегінде Милли Мәжіліс спикері кездесуге мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Президент Ильхам Әлиевтің жүрекжарды сәлемін жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Соңғы жылдары мемлекетаралық ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен әрдайым байланыстамын. Біз елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы үнемі пікір алмасамыз. Тәуелсіздік алған уақыттан бері елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты табысты жалғастырып келеміз.

Сагиба Гафарова ТүркПА жұмысын оң бағалай келе Түркістаннан алған әсерімен бөлісті.

Сагиба Гафарова, Әзербайжан Милли Мәжілісінің спикері:

– Елдеріңізге ресми сапармен келіп, Ассамблеяның жұмысына атсалысқанымызға ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының рухани орталығы – Түркістанда болған екі күн ішінде, онда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға куә болдық. Көргеніміздің бәрі бізді қатты тамсандырды. Әзербайжан мен Қазақстан бауырлас мемлекеттер. Бізді түркілік тамырымыз, ортақ мәдениетіміз бен дәстүріміздің ұқсастығы сияқты көп дүниелер біріктіреді. Сонымен қатар Әзербайжан мен Қазақстан – стратегиялық серіктестер.