Еуропа Кеңесінде қазақстандық балалардың көрмесі ашылды   

Францияның Страсбург қаласындағы Еуропа Кеңесінің штаб пәтерінде қазақстандық балалардың суреттері көрмесі ашылды.

Көрмеге мүмкіндігі шектеулі балалардың қолынан шыққан туындылар қойылған. Көрмені алғаш болып Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының төрағасы Рик Дэмс барып көрді. Қонақтарға бүлдіршіндердің суреттерімен бірге еліміздің мүгедек балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жетістіктері де паш етілді. Көрмеге Аялаған алақан қайырымдылық қорының шеберлік класстары кезінде балалардың салған туындылары қойылған.

Ян Де Бюер, Еуропа Кеңесі бас хатшылығы бөлімінің басшысы:

– Бұл өте маңызды шара. Себебі депутаттар отырыс арасында мүмкіндігі шектеулі балалардың жұмыстарын көре алады. Бұл оларға мүгедек жандардың қоғамдағы рөлін жіті түсініп, білуге көмектеседі.

Мари Мюзиль, Еуропа Кеңесі протокол қызметінің агенті:

– Көрме қатты ұнады. Суреттерден балалардың өте дарынды екені көрініп тұр. Туындылардан жас жеткіншектердің армандары мен үміттерін байқауға болады. Бұл көрмеден алған әсерім мол.