Павлодар облысы Көктөбе ауылының тұрғындары қоныс тойын тойлауға дайындалып жатыр

Павлодар облысы Көктөбе ауылының тұрғындары қоныс тойын тойлауға дайындық үстінде. Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында ондаған отбасы жылдар бойы арман еткен пәтер кілттеріне ие болмақ.

Осылайша биыл баспана кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Аудан орталығында тұрғын үй құрылысы жеке инвестициялар көмегімен қарқын алған. Бүгінде жалдамалы екі пәтерлі үй құрылысы шамамен 16 млн теңгеге бағаланып отыр.

Шартқа сәйкес, тұрғындар ай сайын алты мың теңгеден төлеп тұрады, кейін жылжымайтын мүлікті жекешелендіре алады. Өткен жылы 28 бюджеттік сала қызметкері баспаналы болды. Ал биыл әлеуметтік әлжуаз топтағы 20 азаматқа пәтер кілттері табысталады. Жаңа қонысқа көшуді тағатсыздана күтіп жүргендердің қатарында көктөбелік Зарина Бақытбекқызы бар. Жалғызбасты ана ауыл мектебінде жұмыс істейді.

Зарина Бақытбекқызы, Көктөбе ауылының тұрғыны:

- Жалғызбасты әйел адам болғаннан кейін ұлым, қызым бар. Үй береді деп. Алла жазса, жаңа үйге көшеміз. Бәрі жақсы болады деп ойлаймыз. Кезекте тұрғанымызға 5-6 жыл болды. Міне кезегіміз келіп қалды. 

Асқар Шақарғалиев, Май аудандық экономика секторының басшысы:

- Келесі жылы 15 екі пәтерлі және 15 төрт пәтерлі үй салу жоспарланып отыр. Басты мақсатымыз пәтер кезегін азайту. Баспанаға зәру азаматтарымызға көмектесу.