Қарағандыда дизель тапшылығынан бірқатар бағытқа билет сатылмай тұр

Қарағанды облысында қоғамдық көліктерге құятын жанармайдың тапшылығынан бірқатар бағытқа билет сатылмай жатыр. Бұл туралы автовокзал өкілдері хабарлады. Ал әкімдік мәселе апта соңына дейін шешімін табады деп отыр. Себебі өңірге Ресейден жанармай жеткізілуі тиіс.

 

Қарағандылықтар дизель тапшылығының салдарын демалыс күндері қатты сезінгені рас. Жүруге тиісті автобустардың желіге тек 70 проценті шыққан. Қалғаны қаңтарылып тұрды.

Қазыбек Мақышев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

– Нөмірі екінші автобус паркінде шамалы мәселе туындаған өткен демалыс күндері Қарағанды-Ақадыр бағыты бойынша автобус жүрмей қалды. Дизельдің тапшылығы салдарынан. Бұл мәселе апта соңына дейін шешіледі деп күтілуде. Осы аптаның аяғына дейін маршрут өз жұмысын бастауы тиіс.

Қаладағы автобустарға күніне 45 мың литрге жуық дизель керек. Өткен аптада тек 35 мың литр жеткізілген. Ал, көлік жүргізушілері жанармайдың аталған түрі тек талонмен беріледі деп наразы. 

Сергей Савицкий, көлік жүргізушісі:

– Біздің компания жанармайды сатып алады, сондықтан талонмен аламыз. Қалааралық қатынас бойынша дизель тапшылығы сезіледі. Кейбірі бір адамға тек 100 литр сатып жатыр.

Юрий Гончаров, көлік жүргізушісі:

– Қазақстанда дизель отыны көрші елдермен салыстырғанда 100 теңгеге дейін арзан. Салдарынан біздің ел арқылы өтетін транзиттік фуралар осы жақтан құйып алады. Олардың багына 800 литрден 1,5 тоннаға дейін сиып кетеді.  Бұл өте үлкен шығын. Әйтпесе Павлодар мұнай өңдеу зауыты жөнделіп жатса да ішкі нарыққа біздің жанармай жетуі тиіс еді. Сондықтан транзиттік көліктер мәселесін үкімет көлемінде шешу керек.   

Әлеуметтік желіде бензинге де тапшылық туындауы мүмкін деген бейнежазба тараған. Артынша жүргізушілер тапа-тармағай жанармай бекеттеріне жүгірген. Алайда, жергілікті билік бұл қауесеттің шындыққа жанаспайтынын айтты.

Әлімбек Дүйсембеков, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы:

–Гелиус жанармай бекетінде АИ-92 маркалы бензинге келсек бұл вагондардың кешігуіне байланысты. Басқаларында мұндай проблема жоқ. Гелиусқа АИ-92 отынын жеткізу ағымдағы жұманың аяғына дейін күтілуде.

Мамандар дизель отыны тапшылығына отын жеткізуші комапниялармен ұзақ мерзімді келісімшарт жасалмағаны себеп болды деп отыр. Осы апта соңында автопарктерге Ресейден жағармай жеткізіледі. Ал, облыс әкімі аппараттық жиында келесі айдан бастап жанармай тапшылығы мүлде жойылады деп сендірді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев