Алматылық 77 жастағы қария тауға жаяу шығып жүр

Алматылық 77 жастағы Николай Решетов күн сайын таңертең тауға жаяу шығып қайтады. Ол жас кезінде мүлдем салауатты өмір салтын ұстанбаған, деп мәлімдеді «Хабар24».

Ал соның орнын зейнеткерлікке шыққаннан кейін толтыруға шешім қабылдапты. Ол жүріп өтетін Медеу мен Терренкур бойы он шақырымға жуық. Қарияның айтуынша, соңғы 7 жылда жаттығуын мүлдем үзген емес. 

Николай Решетовтың мамандығы – дыбыс режиссері. Бүкіл еңбек жолы телевидение саласында өрілді. Республикалық телеарналардың бірінде табан аудармастан ұзақ жыл қызмет жасап, зейнетке шықты. Кезінде жұмысбасты болып, спортпен айналысуға мүлдем уақыты болмаған. Оның үстіне өзі де ниет білдіріп, мойын бұрмапты. Тіпті саябақта қыдыруға уақыт таба алмаған. Ал зейнетке шыққан соң өмір салтын басқа бағытқа бұрды. Күн сайын ондаған шақырымды жаяу жүреді. Әсіресе тауға қарай серуендеуді әдетке айналдырған.

Николай Решетов, қала тұрғыны:

– Өте қызықты өтті. Үлкен жүктеме... Өзіме өте ұнайды. Зейнетке шыққаныма көп жыл болды. Біраз жасқа келіп қалдым. Бірақ зейнеткер екенмін деп өзіңе қарамай қоюға болмайды. Қайта денсаулықты жақсартуға көп көңіл бөлу керек. Жаяу жүру де спорт. Тұрақты түрде айналыссаң, белгілі бір нәтижеге жетесің.

Осыдан он жыл бұрын Николай Решетов абайсызда аяғын сындырып алады. Оған осы оқиға да қатты әсер етеді. Жарақаты жазыла бастаған кезде дәрігерлер оған күн сайын аз да болса жаяу жүруге кеңес береді. Содан бастап ол күнделікті үйінен Медеуге дейін жаяу барып, қайтарда автобуспен келетін. Бір күні автобустан қалып қалған соң жаяу қайтуына тура келеді. Содан бері алыс қашықтықты жеңіл бағындыра бастайды.

Николай Решетов, қала тұрғыны:

– Кезінде жүруге уақытым болмады... Керісінше қазір соның орнын толтырып жатырмын. Мен бәріне жаяу жүруге кеңес беремін. Әр нәрсені сылтауратудың қажеті жоқ. Өмір деген қозғалыс. Қозғалыс бар жерде ауруға да орын жоқ.

Бастауға ешқашан кеш емес. Николай Решетовтың ұстанымы осындай. Ол жаяу жүрістің артықшылығын айналасындағыларға үнемі айтып отырады. Соңғы кезде тауға қызы мен немересі де бірге шығып жүр. Зейнеткер қазір спортпен қоса ағылшын тілін меңгеруді қолға алған.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев