Автокөлікті тіркеу үшін енді ХҚО-ға барудың қажеті жоқ – Бағдат Мусин

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәжілістегі «Үкімет сағаты» аясында Парламентке мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баяндама жасаған Бағдат Мусин бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 90%-ы (690 Мемлекеттік қызметтің 624-і) электрондық форматта көрсетілетінін атап өтті. Бұл ретте ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – ЦДИАӨМ) қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді тек eGov порталында және ХҚО-ларда ғана емес, басқа арналар мен платформалар арқылы да алуы үшін шара қабылдап жатыр. Қазақстандықтардың смартфондарды пайдалану көрсеткішінің артуын ескеріп, ЦДИАӨМ артық кедергілер мен қағазбастылықты болдырмай, мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін жаңа сервистерді енгізіп, мемлекеттік қызметтерді азаматтар арасындағы танымал мобильді платформаларға шығарып жатыр.

Осылайша, автокөлікті тіркеу немесе қайта тіркеу қызметтері банктердің қосымшалары арқылы қолжетімді және клиенттерге мамандандырылған ХҚО-ға барудың қажеті жоқ. EGov мобильдік қосымшасында құжаттардың 18 түрі электрондық форматта қолжетімді болатын «Цифрлық құжаттар» сервисі іске асырылды. Оларды Қазақстанның барлық ХҚО-да, әуежайда, банктерде, теміржол вокзалдарында және ұялы байланыс операторларына қызмет көрсету бөлімдерінде ұсынуға болады. Қазіргі уақытта «Цифрлық құжаттар» сервисін 5,3 млн қазақстандық пайдаланады.

Бағдат Мусиннің айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Мемлекеттік қызмет сапасын бақылау шеңберінде ЦДИАӨМ электрондық мемлекеттік қызметтер бойынша орталық мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайын бағалайды. Қолданыстағы Әдістемеге сәйкес тиімділікті бағалау – мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруді, автоматтандырудың тиімділігін және электрондық қызметтердің қолжетімділігіне әсер еткен ақпараттық жүйелердің істен шығуын есепке ала отырып жүргізіледі.

Көбіне электрондық қызметтердің жұмыс қабілеттілігі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне байланысты болады. Мысалы, 2020 жылы жалпы 200 сағаттан астам ақау тіркелді.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру үшін ЦДИАӨМ жанындағы цифрлық трансформация орталығы өмірлік жағдайларды талдай отырып, жаңа тәсілдерді енгізеді. Олардың қатарында азаматтар үшін проактивті қызмет көрсету, Цифрлық құжаттар мен биометриялық сәйкестендіруді қолдана отырып, мемлекеттік қызметтерді қазақстандықтар арасында танымал банктік қосымшаларға шығару бар.

Мемлекеттік қызметтерді сыртқы платформаларға шығару процесті айтарлықтай оңтайландыру мен автоматтандыруға, сондай-ақ азаматтардың уақыты мен шығындарын үнемдеуге әсер етті. Бұл жағдайда автокөлікті сатып алушыға да, сатушыға да өтініш беру үшін ХҚО-ға барудың, кезек күтудің және т.б. қажеттілігі жоқ, бұл тәсіл әлемдегі пандемияны ескерсек, аса маңызды.

Тек 2021 жылдың қаңтар айында ғана банктердің қосымшалары (Kaspi, Halyk) арқылы 104 468 автокөлік тіркеу/қайта тіркеуден өтті. Оның ішінде онлайн – 5% (6816 өтінім). 2021 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша автокөлікті тіркеу/қайта тіркеу 167 561 құрады, онлайн рәсімдеу 36%-ға дейін өсті (63 057 өтінім).