Павлодар облысында құрылыс индустриясы қарқын алды  

Ертіс өңірінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына енген жобалар саны үш есе көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 7,6 млрд теңге бөлінген. Қазір 1300-ден астам жоба іске асты. Әсіресе, құрылыс индустриясы қарқынды. Аймақта тез монтаждалатын термо-панельдер мен құрғақ қоспа шығарыла бастады. Нарықта жоғары сұранысқа ие өнім бұрын көрші өңірлерден тасымалданды. Құрғақ қоспа шығаратын жаңа цех жылына 360 мың қап өнім дайындайды. Кәсіпкер тиісті сертификаттарын алған, материалдар халықаралық стандарттарға сай.

Бауыржан Омаров, кәсіпкер:

– Әзірге төрт түрлі өнім өндіреміз. Бүгінде кафель желімі, цемент-құм қоспалары ішкі нарықта сұранысқа ие. Себебі баға мен сапасы көңіл көншітеді. Сонымен қатар аяз бен суға төзімді келеді. Өндіріс барысында қолданылатын шикізаттың 90 проценті облыста шығарылады, қалғанын Семейден әкелеміз.

Өңірде «Бизнес Ертіс» бағдарламасы да жүзеге асып жатыр. Бұл бағдарлама пандемия кезінде бизнес климатты жақсарту үшін қолға алынған.

Даулен Қабдушев, облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының қолдау құралдарына ие болған кәсіпкерлер көп. Биыл 100 млн теңгенің гранттары үйлестірілді. 21 кәсіпкер жеңіске жетті. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша кәсіпкерлерге инфрақұрылым тартуға болады. Бұған 1 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Ал үшінші бағыт бойынша несиенің проценттік ставкасы субсидияланады. Осы жылы 60 кәсіпкер қолдау тапты. Облысқа 3 млрд теңге бөлінді.