Қызылорда құтқарушылары қысқа сақадай сай ма

Қызылорда облысында «Қыс-2021» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барлық құрылымның өрт және ауа райының құбылмалы кезеңдеріндегі түрлі апаттарға дайындығы пысықталды. Шартты түрде құтқару жұмыстары жүргізіліп, төтенше жағдайдың салдарын жоюдың тиімді жолдары нақтыланды. Мысалы, мынау Жалағаш ауданындағы күріш элеваторы. Жүздеген тонна астық осы жерде сақталады, өңделеді. Аймақтың астық қорын әзірлеудегі маңызы ерекше. Оқу-жаттығудың сценарийі бойынша осы нысанда апат орын алған.

Қызыл жалын жалмаған ірі өндірістік нысанға бірінші өрт сөндірушілер жетті. Олар тілсіз жауды ауыздықтап, өрт ошағында қалған адамдарды құтқаруға кірісті. Алайда алапат апат салдарынан элеватордың бір бөлігінің қабырғалары құлап, үйінді астында екі адамның қалғаны анықталды. Бұл жерде кинологтардың біліктілігі сынға түсті.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Бұл неміс овчаркасы – Спартак. 7 жылдан бері 50 шақты іздестіру және құтқару жұмыстарына қатысқан. Ондаған адамның өмірін сақтап қалуға үлесін қосты. Бүгінгі оқу-жаттығу барысында да міндетін мінсіз атқарды. Шартты түрде үйіндінің астында қалған екі адамды іздеп тапты.

Қайрат Пірімжанов, кинолог:

Көбінесе біз далалық жерлерде жүреміз. Өйткені балықшылар, аңшылар, сосын малшылар мал іздеуге шығып, жоғалып кетіп жатыр. Сол кезде қызметтік иттерді пайдаланамыз. Осы қызметтік иттердің арқасында біраз адамдарды таптық.

Оқу-жаттығуға барлық күштік құрылымдар жұмылдырылды. Оларға саптық қарау жүргізіліп, техникалардың дайындығы тексерілді. Алғашқы медициналық көмектен бастап қар құрсауында қалғандарды құтқарудың әдіс-тәсілдері де пысықталды.

Саид Молдақараев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

Оқу-жаттығуға 242 адам, 77 техника қатысты. Алға қойған мақсаттың бәрі орындалды. Сәтті аяқталды.

Айта кетейік, өткен жылы Қызылорда облысында 254 өрт оқиғасы орын алып, 36 адам эвакуацияланған. Өрт сөндірушілер 3 адамды қызыл жалын ішінен аман алып шыққан. Сондай-ақ 429 жолаушыны төтенше жағдайлар қызметкерлері қар құрсауынан құтқарған.

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Альхайдар Тұрлыханов