Шымкентте жаңа емхана пайдалануға берілді

Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай заманауи емхана ел игілігіне берілді.

Халқы тығыз орналасқан Абай ауданында бой көтерген нысан тәулігіне 250-ге жуық адамды қабылдай алады. №14 Емдеу орталығы жергілікті кәсіпкердің демеушілігімен салынды. Жобаға 750 миллион теңге жұмсалды. Қос ғимараттан тұратын орталықтың бірі емдеу-сауықтыруға бағытталған. Мұнда хирургиялық кабинеттер мен терапевт, қабылдау пункті және зертханалық бөлім бар. Екінші ғимарат толықтай жаңа құрылғылармен жабдықталған. Компьютерлік томограф, сандық рентген, магнитті-резонансты томография мен ультрадыбыстық зерттеуге арналған аппараттар бар. Медицина мекемесінде 120 жаңа жұмыс орыны ашылды.

Қарлығаш Естаева, № 14 емдеу орталығының бас дәрігері:

- Біздің емхана халыққа тегін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар бізде күндізгі балалар мен дәрігерлер стационары болады. Сосын қазіргі таңда ең күрделі жатыр мойнының қатерлі ісіктерінің алдын алу үшін видеокольпоскоп қойылған.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- Қазығұрт, Құрсай, Карл Маркс шағын аудандарында 60 мыңнан астам халық тұрады. Халық өте тығыз орналасқан жер. Олар қаланың ішіне, орталығына барып көліктің көптігіне байланысты кешігіп жататын. Енді мынаның бәрі ашылып жатыр.