Ақтауда үлескерлерді алдаған серіктестік басшысы сотталды

Ақтауда 400-дей үлескерді сан соқтырған серіктестік басшысы 10 жылға сотталды.

«Гаухар тас» тұрғын үйін салуға жауапты компания директорының ұсталғанын бұған дейін айтқан болатынбыз. Оған ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылды. Тергеу мәліметінше, бір пәтерді бірнеше адамға сатып, оңай олжаға кенелмек болған. Рұқсатсыз бірнеше баспана тұрғызған күдікті осылайша 2 млрдқа жуық ақша жымқырған. Соның 423 млн теңгесі үлескерлерге қайтарылды.

Айта кетейік, «Гаухар тас» тұрғын үй кешені 20-шы шағын ауданда 2 жыл бұрын салына басталды. Қазір құрылыс тоқтап тұр.

Айнұр Қызылбаева, Ақтау қалалық сотының судьясы

– Сотталған Коштаев Орақ Таубаевич уәкілетті мемлекеттік мекемелерден рұқсат алмай, «Гаухартас», «Танхаус», «Бәйтерек», «Тау Самалы» тұрғын үй кешендерінің құрылысы салынатынын жарнамалап, қомақты қаражат жымқырған. Жәбірленуші ретінде 395 салымшы танылып, оларға 1 млрд 812 млн 437 мың теңге материалдық шығын келтірілген. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге деп белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.