Петропавлда такси жүргізушісі әлеуметтік желіде жұлдызға айналды

Петропавлдық такси жүргізушісі Арман Темірбаев көлігін жаңа жылға арнайы безендіріп, тұрғындарды діттеген жеріне тегін жеткізеді. Қажет болса ән салып, өлең оқып береді. Ал өңір халқы оның өнеріне жоғары баға беріп отыр.

Арман Темірбаевтың такси тізгіндегеніне екі жарым жыл. Бұрын түзеу мекемесінде жұмыс істеген азамат қазір жолаушы тасымалдайды. Жаңа жыл қарсаңында ол темір тұлпарын түрлі жылтырмен безендірген. Осылайша мереке қарсаңында қарапайым халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Арман Темірбаев, такси жүргізушісі:

- Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы осы. Күніне түрлі адамдар жолығады. Көңілі болмаса, көтеруге тырысамын. Жақсы жолаушылар кездессе, сыйлыққа кәмпит беремін. Қаржыдан қысылғандарды тегін жеткіземін. Себебі жақсылық жасасаң ертең ол өзіңе еселеп қайтары сөзсіз.  

Такси жүргізушісі өнерден де алыс емес. Көлігіне отырғандарға арнап жол бойы ән айтып, өлең де оқып береді. 

Арманды қазір қалада көбіне әлеуметтік желі арқылы таниды.

Артур Лаврик, жолаушы:

- Көлікте мерекелік көңіл-күй сезіледі. Ерекше безендірілген. Негізі мен бұл азамат жайлы интернеттен көп көргем. Бүгін міне мені тегін жеткізіп тастады. Бұл аздай шоколад берді. 

Жақсылық жасап жарысқан азамат қызықты жолаушыларын парақшасында жариялап отырады.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев