Шымкенттегі шағын ауданда мектеп жоқ

1200-дей халық қоныстанған ауданның балалары жан-жаққа шашырап, алыстағы мектептерге барып білім алып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкент қаласындағы «Ынтымақ-2» және «Ақниет» шағын аудандарының оқушылары алыстағы мектепке қатынап оқиды.Ата-аналар осы ауданда салынуы тиіс білім ордасының құрылысы қашан басталатынын білмей дал. Себебі құрғақ уәдеге сеніп жүргенде, дайын тұрған жерге іргелес базар етек жайып жатыр екен,

«Ынтымақ 2» шағын ауданының өзінде 300-ге жуық үй бар. 1200-дей халық қоныстанған ауданның балалары алысқа қатынап білім алып жүр. Осы кезде жұрттың алаң көңілін күпті қылған тағы бір мәселенің басы ашылды. Мектеп құрылысына арналған жер теліміне жеке кәсіпкердің көзі түскенін естіп абдырап қалған.

Болат Әбдікәрімов, «Ынтымақ 2» шағын ауданының тұрғыны:

– Қарасаңыздар осы жердің бәрін мектеп деп бізге берген. Осындай болады деп жер сатылған кезде айтылған. Енді қазір мемлекет жеке адамның меншігіне өткізіп, жерді сатып жіберіп отыр.

«Ақниет» пен «Ынтымақ 2» шағын ауданының балалары қатынайтын ең жақын мектеп 5 шақырым жерде. Тұрғылықты мекен жайына қарайтын білім ошағы болмағасын әр бала түрлі мектептен ілім іздеп жүр.

Күмісай Сырлыбаева, «Ынтымақ 2» шағын ауданының тұрғыны:

Әр отбасының баласы әр мектепке барады. Менің өзімнің бала-шағам №16 мектепке барады. Мына жердегі ата-аналардың бала-шағасы №50 мектепке барып жатыр. Тұрланға, №7, №1 мектепке барып жатқандар бар. Жан-жаққа бала-шағамыз шашырап кеткен.

Осыдан кейін әр ата-ана ұл-қызын жетектеп, жарты шақырым жердегі аялдамаға  шығарып салады. Кешқұрым оларды күтіп алу үшін әр қоғамдық көлікке телміріп, аман келуін тіліп отырады. Себебі 6 жолақты үлкен жолдың бойында бірнеше рет қайғылы жағдай болған. 

Нұржанбай Шынбаев, «Ынтымақ 2» шағын ауданының тұрғыны:

– Осы трассаның бойында ғой мектептің бәрі. Темірлан шоссесі жағасымен арғы жағы «Жаңа шаһарға» дейін бір транспортпен барса болады. Бірақ талай балалар анау жерде машиналар қағып кетіп, қайтыс болды. 3-4 бала қайтыс болды. Ол кезде халық көшеге шықты. Көшеге шығып машинаны тоқтатып қойып, у-шу көтерген. Сол кезде бағдаршам қойды.

Жұрттың жанайқайын жергілікті атқарушы билікке жеткіздік. Аудан әкімі аумаққа жақын жерден қос мектептің құрылысы жоспарланғанын айтты. Оның бірі 1200 балаға арналып, биыл пайдалануға беріледі деп отыр. Екі білім ұясы да шағын ауданға бар-жоғы 1,5 шақырымды құрайтын жерге салынып жатқандықтан мәселенің шешімі табылып тұр, –дейді. Оның үстіне мұндағы бала саны да аз.

Бұхарбай  Парманов, қалалық Абай ауданының әкімі:

– Қазіргі кезде оның қажеттілігі жоқ. Себебі ол жерде 200-ге жуық бала бар. Қалаға әр жерге қатынап оқып жатыр. Біз осы екі мектептің құрылысын аяқтағаннан кейін балалар қатынап барады. Егер келешекте балалар көбейген жағдайда жерлерді дайындап мектеп салу ісі жоспарланатын болады.

Әкімдіктегілер әзірге бос жатқан жерді қаланың бас жоспарына енгізіп, болашақта түсетін осындағы мектеп құрылысына арнап қоямыз – дейді. Себебі халық саны еселеп көбейіп жатқанда әлеуметтік нысандардың қажеттілігі туындары сөзсіз. Ал жұртты алаңдатқан жер телімі жекенің меншігінде екен.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов