Шымкенттегі жер үй иелеріне қандай қауіп бар

Тұран шағын ауданының халқын әкімдіктің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы әрі-сәрі күйге түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда әлеуметтік нысандар салынуы тиіс жер белгіленіп, инженерлік жүйелердің қуатын арттыру үшін ауқымды құрылыс жүргізілетіні жазылған.

Үмбетәлі Тәжібаев, Тұран шағын ауданының тұрғыны:

– Адырбекованың арғы жағындағы екі көшенің ортасында менің үйім тұр. Енді 10 үй бергі жағында 10 үй арғы жағында сол квадратқа балбақша саламыз деп қойыпты. Мен бүгін барып соны өз көзіммен көріп келдім. Енді не болады енді? Енді не істейміз? Халық көтерілмегенде не істейді?

Қала іргесіндегі шағын ауданда инжинерлік жүйелер енді ғана тартылып жатыр. Қажетті инфрақұрылымға қол жете бергенде баспананың бас ауыртар мәселесі тағы көтерілді.

Жасы жетпіске таяған Таир Жиренбаевтың баспанасының іргесіне көп қабатты тұрғын үйлер салынып жатыр. Себебі көршілерінің көбі жерін сатып, көшіп кетіпті. Ал өзі осы жерден кетпеймін деп бекініп отыр.

Таир Жиренбаев, Тұран шағын ауданының тұрғыны:

– Мен тіземнен батпақ кешіп, күнімді осы жерде өткіздім 2005 жылдан бері. Не қорлық көрмедім мен? Ал енді ертең осылар келетін болса ешқандай да танкамен келіп бұзам деп тұрса да мені бассын, жерді бермеймін ешкімге.

Әкімдіктегілер жоба шағын ауданның қарқынды дамуына бағытталғандықтан, әуелі бос жерлерді игеру көзделгенін айтады.

Нұрлан Архабаев, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Сүрілмейді бір адамның да үйі. Ешкімнің үйін ала алмаймыз. Алынбайды да ол. Аумақта мысалы, расширение болып мектеп керек. Мысалы емхана керек. Сол кезде біз айтамыз норматив бойынша мына жерге салуға болады дейміз. Ал ол біреудің жері. Не істейміз оны. Тек алу керек. Сол кезде жобада тұрған нәрсені айтамыз. Мынаны алайық деп. Сізге мынанша ақша береміз деп. Тек бір нәрсеге ғана кетеді.

Тұрғындар бас жоспардағы түзетулер қабылданса, тұрғылықты мекен жайды ауыстыруға тура келе ме деп уайымдап отыр. Ал мамандар бұл өзгерістердің халықтың келісімімен ғана жүзеге асырылатынын айтады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов