Өңірлерде қант бағасы 450 теңгеден асты

Жыл сайын болып тұратын жағдай бұл. Жұрт та жоққа өш, қант азайды десе дүкенге жүгіріп, қаптап алуға тырысады. Дәл қазір Қазақстанның қант өндірушілері шикізат күтіп отыр. Ресейге салынған санкциялар салдарынан шикізат тиелген кемелер жолда тұрып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сала қауымдастығының өкілдері осылай деп мәлімдеді. Ал қоймадағы қант қанша уақытқа жетеді? Бұл Ақтөбеде болған оқиға. Өткен демалыста дәл осындай жағдай еліміздің бірнеше аймағында тіркелді. Сөйтіп Ақтөбедегі ірі сауда желілерінде бір тәулікте 10 тоннаға жуық қант сатылған. Бұл әдеттегіден бес есе жоғары көрсеткіш. Салдарынан оның сөредегі бағасы да 10 процентке көтерілген. Алайда жергілікті билік дүрлігетіндей негіз жоқ дейді. Өңірде қант қорының жеткілікті екенін айтады. Оған қоса, облысқа бұған дейін жасалған келісімшарт аясында әлі де жеткзілетін көрінеді.

Нұрхан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

Негізі мысалы, сауда желілері алынып жатқан бағадан 15% үстемақы қосуға мүмкіндігі бар. Бірақ біздің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, ірі сауда желілер тек қана 5 процент үстемақы қосып жатыр. Сауда желілерінде, олардың қоймаларында 260-тан астам тонна қант бар. Сонымен қатар 10 вагон немесе 600 тонна қант қазір жолда келе жатыр.

ҚАНТ ӨНДІРУШІЛЕР ШИКІЗАТ КҮТІП ОТЫР

Ал салалық министрлік өкілдері елдегі қант қоры үш айға жеткілікті деп сендірді. «Статистикаға сай былтыр елге шамамен 300 мың тонна қант импортталды. Оның 70 проценті Ресейден әкелінген. Елде тұтынылатын қанттың 42 проценті өзімізде өндіріледі», – дейді Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева. Бірақ көрші елдегі саяси жағдайға байланысты отандық қант өңдеушілерде логистикалық қиындықтар туындаған. Шикізат Бразилиядан алынады. Теңіз арқылы келетін жүк кемелері Ресейге жете алмай қалған. Сондықтан Әзербайжан мен Балтық елдері арқылы тауар тасымалдау мәселесін қарастырылып жатыр. Мамандардың дерегінше, қазірдің өзінде тауар тасымалындағы шығын 60-70%-ке дейін өскен.

Айжан Наурызғалиева, Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті:

Шикізат теңіз арқылы келетін. Ресей санкцияның астында қалғандықтан, он бесінші наурызда келу керек болған кеме Новороссийскке жетіп, тауарды бере алмай тұр. Біздің адамдар мәселенің шешімін іздеп жатыр. Батуми мен Балтық маңы елдері арқылы шикізат жеткізуді қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл тауар бағасына әсер етеді. Егер Қара теңіз арқылы өткен кеме айлақта екі апта тұрса, кеме иесі әрбір апта үшін үш мың доллар төлете алады. Бұл біздің тауар өндірушілердің мойнына түседі.  Әр айлақтың бағасы әртүрлі. Бірақ шикізат тасымалын шұғыл түрде қалпына келтіру керек.

САУДА МИНИСТРЛІГІ: АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫНЫҢ САЛМАҒЫ 1,5 МЛН ТОННА

Елде азық-түлік қорының көлемі 1,5 млн тонна. Оның ішінде ұн, қант, макарон өнімдері және көкөніс бар. Бұл туралы Сауда министрлігі хабарлады. Азайған қорды уақтылы толықтыру жұмыстары тоқтаған емес. Ет және сүт өнімдері үшін мал басы да жеткілікті. Жауапты мекеме қант өндірісі және оны импорттау процесі тұралаған жоқ деп сендірді. Қазір ел бойынша 47 мың тоннадан аса қант қоры бар. Жалпы көтерме сауда орындарында қанттың бір келісі 300-320 теңге.

Ержан Қазанбаев, ҚР сауда және интеграция министрлігінің сауда комитетінің төрағасы:

Біз статистиканы бақылап отырамыз. Қазір республика бойынша орташа бағасы 300 теңгеден асты. Әрине нарықта шетелден импортталған қант та бар. Оның бағасы едәуір қымбат. Құны 700-800 теңге. Ал жеткізушілер арқылы әкелінген тауардың құны 280 теңге.

ӨҢІРДЕ ҚАНТ БАҒАСЫ 450 ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

Десе де, Ертіс өңіріндегі кей сауда нүктелерінде қант бағасы күрт қымбаттады. Бөлшек саудада бір келісі 450 теңгеден асты. Тапшылық да байқалды. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай бөлшек сауда желісіне әкелінетін ресейлік өнімнің болмауына байланысты туындаған. Дегенмен әлеуметтік дүкендердегі жағдай тұрақты. Тұрғындарға тәтті өнім арзан бағамен қолжетімді. Тұрақтандыру қорында 1,9 мың тонна қант бар. Әлеуметтік тауар дүкендер желісіне күнбе-күн жеткізіліп тұрады. Қанттың бір келісі қоймадан 240 теңгеден босатылып, дүкендерде 264 теңгеден сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорындағы қантқа сауда орындары тарапынан 100-ге жуық өтініш түсіп жатыр. Қордағы қант жарты жылға жеткілікті деп сендірді. Қажеттілік болса, Тараз зауытынан өнімнің тағы бір легі әкелінбек. Тауар бағасы әлеуметтік дүкендерде бақыланып тұрады.

Алмагүл Жұмабекова, қала тұрғыны:

Ондай арзан қант жоқ қазір. 480 теңге қазір. Өте қуаныштымын. Кеше ешқай дүкенде қант болған жоқ. Мына дүкенге ризамын.

Талғат Доғалов, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

– Қант бағасы әзірге тұрақты. Алайда өндіруші зауыттағы өнімнің босату құны өссе, біздің өңірде де қымбаттауы ықтимал. Шығынға батуымыз әбден мүмкін. Бұл болжам ғана. Дүкендер тұрақтандыру қорынан қанттың келісін 240 теңгеден алады да, 15 проценттік үстеме қосады. Бұл ереже сақталмаса, шара қолданамыз.

Алматыдағы ел арасында көтерме базар аталып кеткен сауда орнында қант көп емес. Барын келісін 650 теңгеден саудалауда. Ал әлеуметтік азық-түлік өнімдерін сататын дүкендер желісінде қанттың келісі 285 теңгеден сатылды. Оның өзінде бір адамға 5 келіден артық сатылмайды. Бүгін ол да түгесілген. Қанттың қат болуына ірі кондитер мекемелері мен шағын дүкендердің қанттың көтерме көлемде сатып алуы себеп болған. Жалпы Алматыда тұрғындар мен кондитерлік мекемелер апта сайын 300-400 тонна қант өнімін тұтынады. Қаладағы қант қоры да соған сәйкес толықтырылып отырады. Қала әкімдігі мен отандық қант зауыттары, атап айтқанда Ақсу, Көксу, Мерке қант зауыттары арасында тұрақты келісімшарт жасалған. Соған сәйкес, сәуірден бастап айына 10 мың тоннадан астам өнім жеткізілмек.  Бұл тек Алматы қаласын ғана емес, аймақтарды да қантпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Наргиз Бекмағанбетова