Алматыда жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті

Алматыда Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің төрағалығымен жаңартылған құрамдағы Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қоғамның дамуына белсенді үлес қосып жүрген  жас ғалымдар, кәсіпкерлер мен журналистер қатысты. Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі тезистеріне тоқталды. Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде Жастар саясаты туралы заң жобасы бар. Ерлан Қарин кеңес өкілдерін Мәжілістің жұмыс топтарының құрамына енгізуді ұсынды. Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жүйелі жұмысы үшін оның жанынан түрлі комитеттер құру жоспарланған. Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов қатысып, баяндама жасады. Кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың басшыларына сұрақ қойып, ұсыныстарын айтты.

Олжас Сүлеймен, қоғам белсендісі:

– Кейбір кезде әкімшіліктер шаблонға салып жастарды пост жазуға, басқа мәселелерге қолданып жатады. Ол үрдістен қайтуымыз керек деп ойлаймын. Көп жерде өзгеріс бар. Кейбір университеттерде сол баяғы жүйе, жастар саясатын жүзеге асыру жолдары ескі жолмен қалып қойған.  Және де кейбір әріптестеріміз экология мәселесін көтерді. Түрлі саладағы мәселелер көтеріліп жатыр. Ең бастысы біз бұл сұрақтарымызды қойып, ұмытып қана қоймай жаңағы уәделер қаншалықты орындалатынын қадағалайтын боламыз.