Өскеменде жол сапасы қажытқан тұрғындар қала әкімін жауапқа тартуды сұрайды

Өскеменнің бір топ жүргізушісі қала әкіміне шара қолдануды өтініп, полицияға арыз жазды. Қираған жолдардан шаршаған тұрғындар шаһар басшысын әкімшілік жауапқа тартуды сұрайды. Тұрғындардың айтуынша, шенеуніктер жолдарды күтіп ұстау ережелеріне немқұрайлы қарап, жергілікті және мемлекеттік басқару туралы заң ережелерін бұзған. Ашынған авто жүргізушілердің арызы полиция департаментінде тіркелді.

Шұрық-тесік жолдардан шаршаған жүргізушілердің шыдамы таусылған. Өскемендіктер бұл мәселеге қала басшысын кінәлап отыр. 

Татьяна Карпова, ШҚО ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: 

- Аталған өтініш белгіленген тәртіпте Өскемен қаласы полиция бөлімінде тіркелді. Өтінішті қарау нәтижелері туралы өтініш беруші жазбаша түрде заңмен белгіленген мерзімде хабардар етіледі.

Қаланың орталық көшелерінің де біразы шұрық-тесік. Қыстан кейін ойылған тұсын коммуналдық қызметтер кірпіш төсеп бітегендей болған. Алайда шенеуніктердің бұл инновациялық шешімі жол талғамайтын көліктерге де зақым келтіріп жатыр.  

Сергей Овсянников, автокөлік жөндеу станциясының жұмысшысы: 

- Қалада жол жоқ деуге болады. Барлық көше шұрық-тесік. Көліктер де қаз-қатар бірдей істен шығады. 

Блиц:

- Сапасын көріп тұрсыздар өздеріңіз де. Міне машина қиналуда. Біз қиналмаймыз. Машина қиналады.

- Көктем келген сайын кейпіміз осы. Су кешіп жүруге етіміз үйреніп кетсе, асфальттың биылғыдай жайын бұрын-соңды болмаған. 

Жергілікті блогер Александра Осипова қираған жолдар туралы әлеуметтік желіге жиі жариялайды. Алайда оқырмандарының қатарындағы коммуналдық қызмет басшылары мен шенеуніктер бейжай қарап отыр.  Себебі халықтың арыз-шағымына құлақ асып жатқан жан жоқ.  

Александра Осипова, блогер:

- Өмір сүруге жайлы, заманауи қалада тұру құқымызды сақтау механизмі қалған жоқ. Бар үмітіміз полиция болып отыр. Себебі жолымыз жыл сайын қирап жатады. Көктем келе қармен бірге асфальт та еріп кетеді.  

Жолдың қираған тұсын алдын ала байқап, жүйткіп келе жатқан көлікті дер кезінде тоқтатуға сәті де түсе бермейді. Суағарлар тазаланбағандықтан көше бойы суға толы. Мұндай жайт Семей тұрғындарына да жақсы таныс. Болашақ Абай облысының орталығындағы жолдарды ретке келтіру үшін бюджеттен 3 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Тиісті тендер де жарияланған. Ал әзірге қар суын сорғылау қажет. 

Жасар Түсіпов, Семей қ. жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Арыз-шағым көп. Сондықтан мердігер мекемеге арнаулы техника санын арттыру туралы ұйғарым күнделікті жолданады. Жергілікті атқарушы биліктің күшімен қала көшелерінен 22 мың текше метр қардың суы сорғыланды. 

Өскеменде де жөндеу жұмыстарына кірісу үшін күн жылынып, жердің кебуін күтіп отыр. Шамамен 50 мың шаршы метр асфальт жабындысы ретке келтірілуі тиіс. 

Ержан Ыбыраев, қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Ағымдағы жөндеу жұмыстары шамамен сәуірдің екінші бөлігінде басталады. Көктемнің соңына дейін, яғни 31 мамырға аяқтау жоспарланып отыр.  

Сондықтан жүргізушілерге жаз келгенше жол бойындағы шұңқырларды айналып жүруге тура келеді. Ал жергілікті билік өкілдеріне қатысты қандай шара қолданылатындығы әзірге беймәлім. Полиция басқармасы тұрғындар арызын қабылдап, мәселені зерделеуге кіріскен.  

Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин