Малы болғанымен, жері жоқ шаруаның жайын кім тыңдар? – Ақмола облысы

Біреулер қолда бар жердің қадірін кетіріп, рәсуә етіп келсе, енді бірі мемлекеттен жер ала алмай жүр. Мысалы, Елорда іргесіндегі Тайтөбе ауылының тұрғыны Жазира Таңатарова 7 жылдан бері мал бағатын жер сұраумен келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заңға сай төрт түлігі бар, жеке кәсіпкерлік құрған, техникасы түгел. Тіпті бизнес жоспарын да жасап қойған. Ал байқауға тапсырған құжаттары кейде жоғалып кетсе, енді бірде комиссия мақұлдауынан белгісіз жағдайда өтпей қалады екен. Бұған тікелей жауапты аудан әкімінің орынбасары мен әкім мәселені күнде келесі апта шешеміз деумен уақыт созып жүр. Мән-жайды тілшілеріміз анықтап көрген еді, сюжетке назар аударайық. Жазира осыдан 4-5 жыл бұрын ата кәсіп малшаруашылығын игеруге бел буыпты. Ынта-жігер, тынымсыз еңбектің нәтижесі төрт түлігі қазір қорасына сыймай тұр. Мұны ол алдын-ала білген сол мақсатпен Целиноград ауданының әкімдігіне жер беру туралы өтініш жасаған. Бірақ жыл сайын байқаудан өтпей қалады. 

Жазира Таңатарова, Тайтөбе ауылының тұрғыны:

– Құжаттарды тапсырдық. Біресе құжатыңыз жетпейді дейді.Кейде жауабы келмейді. Біресе балыңыз жетпейді деп бізді мүлдем қатыстырмайды конкурстарға.

Алғашқы жылдары солай болған делік. Ал одан кейінгі байқаулардан неге өтпеді? 

Арна тілшілері жауапты мамандармен былайша тілдесті.

– Жеңімпаздың бұл кісіден қандай артықшылығы бар?

Оны мен жауап бере алмаймын. Комиссия мүшелерінің дауысына. Төрағасы аудан әкімінің орынбасары.

Енді тағы да жұмыс істеймін деген адамдар шығып тұр. Сіздер қалай қолдайсыздар?

– Қазіргі қолдастағы заңға сәйкес тек конкурс арқылы ғана. 

Кейіпкеріміздің тұрғылықты жері – Ақмола облысындағы Тайтөбе ауылы. Бірақ мұнда малын еркін баға алмайды. Мың гектарға жуық жайылым осындағы СПК-ның атына тіркелген. Оның құрамына кейіпкерімізді қабылдамайды. Малың көп деп бетіне басатын көрінеді. Онысын ресми жауабында 70 бастан аспасын деп ұсыныс сипатында жазып көрсеткен. Әкімдік өкілдері бұл жайттан тіпті хабарсыз сияқты.

– Сондай проблема бар екенін білесіздер ме?

– Олар бізге келген жоқ қой. Ол жаңа ғана ашылды.

– Үш жыл болды ғой.

Бұл мәселенің өрбуі де ерекше. Жергілікті билік алғашқы жылдары сенің малың аз деп жер бермепті. Енді малың көп, бізде бос жер жоқ дейді. Бірақ 18 наурызда, яғни осыдан 11 күн бұрын облыс әкімімен өткен онлайн кездесуде аудан әкімі «мәселе шешіліп тұр. Бәрі бір аптада реттеледі» деп жауап қатқан екен. Сол әңімеден үзінді де бар.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкiмi:

– СПК-да қанша жер бар? Осы алдымыздағы жұмада шешсін сол жағдайды кім Бахыдбек Амантайұлы.

Бахыдбек Оспанбеков, Целиноград ауданының әкімі:

– Ауызша келіскенбіз. Оларды қабылдайды. Келіссөздер өткіздім.

Кейіпкеріміз малды не үшін өсіріп жатыр дегенге келсек. Бәрі күнкөрістің қамы. Бұдан басқа жұмыс жасай да алмайды. Жалпы Тайтөбе ауылында бос тұрған жұмыс орны да жоқ.

Жазира Таңатарова, Тайтөбе ауылының тұрғыны:

– Сүт, қаймақ өнімдерімен айналысамын. Оны дамыту үшін жер керек болып тұр. Қымызбен де айналысамын.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

–Техникасыз тірлік өнбейді. Кейіпкеріміз оны да ескеріп, су жаңа трактор алыпты. Малдың астын тазалау, шөбін тасу барлық шаруасын атқаруға жарап тұр. Одан қалды сиыр сауып, қаймақ алу, май шайқау үшін арнайы сауын аппараттарын да алған, яғни іске шындап кіріскендігінің дәлелі.  

Қазір біреудің атындағы жайылымды пайдаланып жатқан жайы бар. Шабындығы болмағандықтан шөпті молынан сатып алуға қаражаты тағы жетпейді. Малды наубайхана мен тұрғындар берген қатқан нанмен асырауға мәжбүр. Бірақ оның өзі үнемі бола бермейді. Қалай болғанда да бұл мәселені біз де өз назарымызда ұстайтын боламыз. 

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов