Павлодарда иісшіл ит қызметтік иттердің үздік бестігіне енді

Павлодарлық Арес есімді ит еліміздегі патрульдік-іздеуші қызметтік төбеттердің үздік бестігіне енді. Төрт аяқты сақшы борышын мүдірмей атқарып келеді. Бүгінгі күнге дейін есірткі бизнесіне қатысты 100-ден астам қылмысты ашты.

Қызметтік төбеттер күніне бірнеше сағат бойы осылай жаттығады. Физикалық жәге психологиялық дайындығы маңызды. Арес бельгиялық овчарка тұқымынан. Қызметке 10 жыл бұрын келді. Сол кезден бері кәсібилігімен дараланып келеді.

Елсұр Хайруллин, Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің қызметшісі:

- Арес арпа ішіндегі бір бидай. Бір көргеннен ұнап қалды. Себебі тумысынан ерекше қасиеттерін байқадым. Ол елгезектік пен иісшілдік. Итті бала кезінен жаттықтырған жөн. Тәрбие, тәртіп жағына да баса назар аударамыз. Сондықтан болар Арес елімізде үздік.

Қызметтік иттер есірткінің ондаған түрін ажыратып, қылмыскерлерді тез таба білуі керек. 

Елсұр Хайруллинге Аресті күшік кезінде сыйға берген. Содан бері сенімді серігі мен әріптесіне айналды. Бір жасында іріктеуден кейін арнайы оқудан өтті. Жылдамдық, иісшілдік пен қырағылық. Иттер осы қасиеттерге ие болуы шарт. Арес бұл қызметін мінсіз атқарып келеді. Әскери бөлімнің жанындағы бұл кинологиялық орталықта 14 төбет бар.

Әскери иттер есірткілердің бірнеше түрін ажырата білуі керек. Кинологтар да біліктіліктерін арттырып, білімдерін жетілдіруі қажет. Ол үшін қолайлы жағдайлар жасалған. 

Айдын Жұртыбаев, Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімі кинологиялық қызметтің бастығы:

- Неше түрлі бағдарламалар болады. Есірткі іздеу бағдарламалары болады және патрульдік іздеу. Айтып отырмын ғой, сол бағдарламалар бойынша оқуға жібереміз, оқып келеді. Әскери бөлімге келгенде әрі қарай үйретеміз кинологтарды.

Кинологиялық қызметке күніне бірнеше шақырту түседі. Қоңыраулар есірткі, жарылғыш заттар, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуға қатысты. Осы жылдан бастап лаңкестікке қарсы іс-шараларға да қатыса бастады. Арес биыл 13 жасқа толды. Зейнетке шығатын күні алыс емес.

Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат