Елімізде ұшақтардың кешігіп ұшуы 2 есеге артты

Кейінгі 2 жылда елімізде ұшақтардың кешігіп ұшуы 2 есе артты.

Былтыр әрбір жүйелі рейстің бесіншісі уақытылы ұшпаған. «SCAT» пен «Qazaq Air» компанияларының әр төртінші рейсі кешіккен. Әуе компаниялары кешігу себебін ауа райының қолайсыздығымен байланыстыруды әдетке айналдырған. Бірақ көбіне борт уақытылы келмегендіктен жолаушыларды күткізіп қойған. Мәселен, 2021 жылы 9 мыңнан астам рейстің кешігуіне әуе компаниялары кінәлі. Бірақ оларды субсидиялау үшін биыл қазынадан 5,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 5 млрд теңгесі «SCAT» және «Qazaq Air» компанияларына тиесілі. Алайда қызмет сапасы көңіл көншітпейді. Бүгін мәжілісмендер осы мәселені көтеріп, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады. Лоукестер саналатын Fly Arystan компаниясы да сынға ілінді. Ондағы онлайн рәсімдеудегі ақылы орындар бағасы қалтаны қағады. 6,5 мың теңгеге дейін жетеді. Ал бір жұтым су 500 теңгеге сатылады. Ашынған депутат тым құрығанда бір кесе суды тегін беруді талап етті.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекеттің тікелей қолдауымен ашылған Fly Arystan компаниясынан бір жұтым суды 500 теңгеге сатып аласың. Осы жерде ұлттық әуе компаниясының лоукостері қыстың күні қар сатқан, дәрі ішуге су сатқан ертегінің шық бермес шығайбайындай көрінеді маған. Әлемде суды ұсыну мәдениеті жаппай қалыптасып келе жатқанын білесіздер. Бүйректен сирақ шығармай 7 әлемнің суы таусылса да бір кесе суды тегін беруді ұйымдастыруға болатын шығар деп есептейміз. Оған қоса лоукостердің саясатына кереғар болатын соңғы билеттер қалған уақытта оның бағасын 5-6 есеге көтеріп сатуды реттейтін уақыт жеткен сияқты.