Ақмола облысы құрғақшылыққа төзімді бидай өсіруге көшті

Ақмола облысының шаруалары биыл құрғақшылыққа төзімді бидай өсіруге көшті. Өйткені шөбі шүйгін, айдын көлі көп бұл өңірдің өзін жылдан жылға қуаңшылық қысып барады. Тығырықтан шығудың бір ғана жолы, ыстыққа төзімді тұқым.

Қазір өңірде жаппай егістік науқаны басталды. 

Облыстағы құрғақшылыққа бейім жерлер – аймақтың оңтүстік аудандары. Себебі мұнда Бурабай мен Зеренді секілді емес, жауын-шашын едәуір аз түседі. Дегенмен, Жақсы ауданында жұмыс істеп жатқан тәжірибелі шаруа Бақыт Ермұратовтың айтуынша, егін егу науқанының бастамасы жаман емес. Күн райы қолайлы, ылғал да жеткілікті.

Бақыт Ермұратов, серіктестіктің атқарушы директоры:

- Қазіргі ылғал мына бидайдың шығуына, түптенуіне жететін ылғал осы жерде жатыр. Сол ойлаймыз маусымның 10-15 кезінде бір жаңбыр өтсе. Содан кейін әрі қарай өзі алып кетеді деп. Биылғы мына жағдаймен қарағанда осы жерден бір 10-15 центнер алатын үміттеніп отырмыз.

Бірақ бәрі жаздыгүні ауа райының қалай құбыларына байланысты. Дегенмен, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Қыста қарды егістік алқабында сақтап қалудың қамын жасап, көктемде топырақты өңдеуге мән беру қажет. Ал жаз айларында тыңайтқыш сеуіп, егіннің күтімін күшейту керек екен. 

Бақыт Ермұратов, серіктестіктің атқарушы директоры:

- Біз жақтан не керек, соның барлығын істеп жатырмыз бүгін. Жерді өңдеп жатырмыз. Анау ылғалды жаптық. Закрытие влаги дейді. Оның барлығын жасадық біз бүгін. Жеріміз бәрі тегіс. Тұқымымыз жақсы биыл алған. Былтыр тұқыммен жақсы жұмыс жасап, қуаңшылыққа төзімді өзіміздің қазақстандық селекция тұқымдарды осы жаққа егіп жатырмыз.

Ал өнімділігі өте жоғары элиталы тұқымдарды сатып алған диқандарға мемлекет шығынның 50-ден 70 процентіне дейін өтеп береді. Шаруалар мұндай қуаңшылыққа төзімді сұрыптарды аймақтағы тұқым шаруашылықтарынан сатып ала алады. 

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

 - Тұқыммен бізде ешқандай проблема жоқ. 33 хозяйство бар тұқым сататын. Оларда 50 мың тонна бірінші, екінші элиталы тұқымдар сатылуда. Ол тұқым мәселесі облыс бойынша шешілген. Жанар-жағармай мәселесіне келетін болсақ, Үкімет тарапынан арзандатылған жанармай берілді 72 мың тонна. Оны 3 айға бөлгенбіз. 

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жалпы Ақмола облысының шаруалары биыл 4 жарым млн гектар жерге бидай дәнін сіңіреді. 15 мамырда басталған егін себу науқаны ауа райы қолайлы болса, айдың соңына дейін аяқталмақ. Барлық амалды жасап, тәуекел еткен шаруалар егіннің енді қалай болмағы уақыт еншісінде деп отыр. 

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный