«Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы белгіленбек

Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру мақсатында «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл заң жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісіне енгізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР денсаулық сақтау министрі мәлім етті.

Оның айтуынша, заң жобасында Қылмыстық кодекстің 317-бабының қылмыстық нормаларын ізгілендіру көзделген. Яғни, айыппұл санкциялары жеңілдетіледі. Соттың қарауына бас бостандығын шектеу бойынша балама енгізіледі. Бас бостандығынан айыру мерзімдері қысқартылады

«Осы заң жобасы бойынша медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін кәсіптік жауапкершілікті арттыру, оларды сақтандыру көзделеді. Сонымен қатар білімді, еңбек сіңірген дәрігерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын белгілеу қарастырылған», – деді Ажар Ғиният.