«KEGOC»: қызметкерлердің жағдайы басты назарда

Бүгін «KEGOC» акционерлік қоғамы «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі алдында есеп берді. Онда компания өкілдері 2022-2031 жылдарға арналған даму стратегиясының іске асырылуын баяндады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ мамандардың айтуынша, компания өз қызметкерлерінің әл-ауқатына ерекше мән беріп, осы бағытта бірқатар жүйелі шаралар да қабылдаған. «KEGOC» акционерлік қоғамы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске қосады. Атап айтқанда, электр желілік объектілер салынбақ. «Түркістан қаласын сырттан электрмен жабдықтау схемасын күшейту» бастамасы да аяқталуға жақын екенін айтады. Бұдан бөлек, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, жалақыларын көтерген. 

Эльвира Қонақбаева, «KEGOC» АҚ стратегия және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры:

– Негізі 1 ақпаннан бастап біздің қызметкрелердің жалақыларын 15-тен 48%-ке дейін көтердік. Негізінінде 22 жылы жоспар бойынша барлық жалақыға 21 жылмен салыстырғанда, 18 процент артық қаражат өлшемделген.

Мамандардың айтуынша, компанияға өткен жылы 52,6 млрд. теңге кіріс кірген. 2022 жылы 42,2 млрд. теңге мөлшерінде дивиденд төленеді деп жоспарланып отыр.

Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесі «KEGOC» АҚ-ның қызметі туралы есепті тыңдады. Кездесуге қатысушылар өткен жылғы нәтижелері, стратегиялық көрсеткіштердің орындалуы, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Әрине мұндай алпауыт компаниялардың кірісі мен шығысы ашық болғаны дұрыс. Қатысушылар өздерін мазалаған сауалдарға жауап алды. 

Биыл компания «Қазақстан біртұтас энергетикалық жүйесі, батыс аймағының электр желілерін» күшейтуді жоспарлап отыр. Айта кетерлігі, мұндай форматтағы кездесу алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Енді оны үрдіске айналдыру ойда бар.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ерлан Наурызбаев