Алматыда ағаштар қурап жатыр

Мамандар көк өскіннің жаз ортасына жетпей сарғайғанын өсімдік ауруымен байланыстырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күнге дейін қаланың жасыл желек электронды реестріне 3 млн-ға тарта ағаш тіркелген. Соның 84 мыңнан астамы қауіпті жағдайда тұр. Яғни кез келген уақытта құлап, тұрғындарға қауіп тудыруы мүмкін. Шыбық шаншысаң тал өседі. Бұрын Алматының жеріне қатысты осылай дейтін. Енді бұлай дей алмаймыз. Себебі жер тоза бастады. Оны қураған ағаштардан-ақ байқауға болады. Сондықтан топырақты тыңайту қажет. Сала мамандарының пікірі осындай. Басты себеп бұл ғана емес. Оған қоса, өсімдік аурулары да белең алып тұр. Қазір соның емен үңгі егеушісі, талшын мүр көбелегі сияқты он түрі бар. Оған 20-дан аса зиянкес жәндіктерді қосыңыз. Ғалымдар ағаштарды химиялық дәрі-дәрмектен гөрі биологиялық препаратқа басымдық беру керек, – деп санайды.

Нұржан Мұхамедиев, қазақ өсімдік қорғау және қарантин ҒЗИ бөлім меңгерушісі:

– Егер химиялық препараттар қолданса, мұндағы пайдалы жәндіктер мен құстар табиғаттан кетіп қалады. Жоғалып кетеді. Бір өрмекші күніне 6-7 жұлдыз құртпен қоректенеді. Ал біз химиялық препаратпен өңдеп тастасақ, ол өрмекші жойылып кетеді де санына келу үшін, орнына келу үшін оншақты жыл керек болады.

Мамандардың айтуынша, өсімдік ауруы өте жұқпалы. Сондықтан жасыл желек түгелдей дәріленуі тиіс. Өйтпеген жағдайда ару қала сәнінен айырылып қалуы мүмкін. Оның үстіне мегаполистің ауа-райы құбылмалы. Мәселен, былтыр ерте күзде ағаш жапырағы сарғайып өздігінен түсіп үлгермеді. Ерте түскен үсік оған мүмкіндік бермеді. Соның кесірінен ағаш бұтақтары үсіп, қурап қалған. Сондай-ақ қыста жолға шашылатын тұзды қоспа да жасыл желектің тамырына зиянын келтіруі әбден мүмкін.

Айта кетейік, былтырдан бері Алматыда жасыл желектің электронды реестрі іске қосылды. Оның дерегіне сүйенсек, қазір қалада 2 млн 800 мыңнан аса ағаш бар. Тіпті әкімдік қурап, құлайын деп тұрған тал-терек пен кәрі ағашты кесу үшін арнайы бағдарлама қабылдапты. Бірақ әзірге одан қайран болмай тұр.

Нұрлан Құтыбаев, экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

– Биыл 5 мың ағашты кесуді жоспарлап жатырмыз. Бұл жұмыстар бойынша мемпортал арқылы конкурс ойнатылады. Мамандандырылған мекемелер қатысады. Солардың қатысқан мамандандырылған мекемелер жұмыс жүргізетін болады. Кесу бойынша осы жылдың аяған дейін аяқтаймыз.

Бірақ әзірге әкімдіктің мұндай қарқынмен қурап тұрған 84 мың түп ағашты қашан кесіп бітірері белгісіз. Жыл сайын олардың қатары артып отыратыны анық.  

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов