«Сбербанк Қазақстан» банкін «Бәйтерек» холдингі сатып алуы мүмкін

Несиені алу оңай болғанымен қайтару қиын.

Жұрттың біразы біздегі Сбербанкке қарыз. Осы қаржылық ұйымның қорында қазақстандық салымшылардың активі мен несиесі бар. Ал Ресей Сбербанкі санкцияға байланғандықтан шетел валютасында операциялар жүргізе алмайды. Бұл біздегі еншілес ұйымға да салқынын тигізді. Енді банкроттың алдын алу үшін "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингі "Сбербанк Қазақстанды" сатып алуға бел буып отыр. Өйткені өз азаматтарымыздың салымын қорғау қажет. Қазір келіссөздер жүріп жатыр.

Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Банктің шетел банктеріндегі корреспонденттік шоттары жабылды. Қаржыландырудың жаңа тетіктерін тарту мүмкіндігіне шектеу енгізілді. Осыған байланысты "Сбербанк Ресей" Қазақстандағы еншілес банкін сату туралы шешім қабылдады. Шарттың нәтижесін тараптар келіссөз аяқталған кезде жариялайды. Біз банк заңнамасы талаптарының сақталуын қадағалаймыз.