Шымкентте дәрігерлер ардагерлерді үйлерінен қарай бастады

Шымкенттік дәрігерлер ардагерлерді үйлерінен қарай бастады. Қалада үй-үйді аралап, ардагерлерді кешенді тексеруден өткізуге арналған дәрігерлік бригадалар құрылды. Олар негізінен ғасыр жасаған кейуаналар мен зұлмат соғыс жылдарындағы қанды қасапты өз көзімен көрген қарияларға қызмет көрсетуде.

Дәрігерлік бригада бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Мосунованы кешенді тексеруден өткізуде. Терапевт, невролог, хирургтар жұмысты кейуананың жүрегін тексеріп, қан қысымын өлшеуден бастады.

«Соғыс ардагері жүз жасаған адамға мүлде ұқсамайды. Өзін тың сезінеді. Денсаулығы жақсы», - дейді ақ халатты абзал жандар.

- Жить можно, жить нужно. Хоть мне и под сто, но ничего, я не унываю.

- Ещё молодая.

- Да.

Нина Егоровнаның айтуынша, оның ұзақ жасауының сыры еңбексүйгіштігінде және сары уайымға салынбайтындығында. Ол үнемі жайраңдап жүреді. Зұлмат соғыс жылдары жайлы да әсерлі қылып, әңгіме айтады. Соғыста байланысшы болған. Бау-бақша салып, гүл өсіргенді ұнатады. 

Нина Мосунова, соғыс ардагері:

- Менің бүкіл ғұмырым бау-бақшада өтті десем де болады. Гүлдің барлық түрін өсіремін. Ерте көктемде қызғалдақтарым гүл атады. Оны қазып алып, күзде қайтадан отырғызамын. Жылда жасайтын тірлігім осы менің.

Дәрігерлер Вера Утробинаның үйіне де кіріп шықты. Ол бүгінде 98 жаста. Денсаулығы жайлы еш шағым айтпады. «Менің жүз жасағаным емес, жүрегімнің әлі күнге жас болғаны аса маңызды емес пе?!» деп жымияды. Вера Степановна соғыста санитар, медбике, тіпті аспаз да болған.

Вера Утробина, соғыс ардагері:

- Мектепті бітіре салысымызбен соғысқа алып кетті. Белоруссия жеріндегі шайқастарды өз көзіммен көрдім. Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатыстым.

Вера Утробинаның жасы жүзге таяп қалса да есте сақтау қабілеті әлі мықты. Парадқа киетін костюміндегі медальдарың не үшін берілгенін сұрай қалсаңыз, қиян кескілескен ұрыстар көз алдыңыздан тізбектеліп өте береді. 

Валентина  Назарьянц, қызы:

- Беларусь президенті Жеңістің 75 жылдығына орай анамды тауып алып, медаль берді. Ол бірінші Белоруссия майданында, 61-армия сапында шайқасты. Бұлай болады деп кім ойлаған?! Беларусь билігінің өзін елеусіз, ескерусіз қалдырмағанына қуанып, қатты толқыды.

Дәрігерлер негізінен неміс басқыншыларына қарсы жанқиярлықпен соғысқан ардагерлердің үйлерін аралауда. Олардың орташа жасы қазір 95-те. 

Әлішер Исақожаев, № 12 емхананың хирургі: 

- Давлениелері өлшенді, кардиограмма түсірілді. Екінші апамызда кішкене давлениесі көтеріліп қапты. Оған алғашқы көмек көрсеттік, медициналық көмек. Рекомендацияларымызды, ұсыныстарымызды бердік. Бүгінгі таңда жүректері, пульстары жақсы, жасына сай. Бері қарай да, ары қарай да әдемі болады деп ойлаймын.

«Мәселе медициналық тексеруде емес, көңілде», - дейді ұзақ жасап, көпті көрген көнекөз қариялар. Десек те, Шымкенттегі ардагерлерді үйден емдеу қызметі алдағы уақытта да тұрақты көрсетілетін болады.

Ардақ Айбарұлы, Катерина Попкова, Самат Нагашбекулы, Нұрмахан Бекмұратов