Қостанай облысында өңірлік медиафорум өтті

Биылғы жиын қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығымен байланыстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы шақырылған спикерлер салаға қатысты мәселелерді көтеріп, ойларын ортаға салды. Аймақтық басылымдармен, радио, телеарналардың халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, қоғамдық пікір қалыптастырудағы маңызы зор. Оны әлеуметтік зерттеу нәтижесі де көрсетіп отыр. Жергілікті тұрғындардың БАҚ-қа деген сенім көрсеткіші 87 процентті құрайды екен.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

Қостанай облысының бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің еңбекқорлығы, кәсіби шеберлігі, өңірдің маңызды оқиғаларын жедел әрі сапалы көрсетудегі ынтасының арқасында әрдайым жоғары құрметке лайық.

Тобыл өңірінде 118 түрлі ақпарат құралдары бар. Қазір кезде солардың санын емес, сапалық денгейін көтеру, яғни ақпарат кеңістігінде бәсекелестік қабілетін арттыру міндеті тұр. Медифорумға жиналғандар осы жолдағы түйткілдер мен шешімдерді талқыға салды.

Марат Жұрқабаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы:

Журналистика саласында кадрлық мәселе өте қатты көтеріліп жатыр. Өңірлерге кім барады? Ол өңірлерде қалай жұмыс істейді? Ол жұмыс істеген кезде мемлекет тарапынан қандай қолдау болатындығын осындай мәселелерді арнайы көтеріп жатырмыз. 

Кәсіби мерекені келелі кеңеспен ұштастыру ой бөлісіп, тәжірибе алмасудың тиімді бір тетігі, дейді форумға қатысушылар.

Жұматай Кәкімжанов, облыстық «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары:

– Қазіргі мынау өткізіліп жатқан медиафорумның да берері көп, өйткені біз қазіргі заман талабына сай жұмыс істеуіміз керек. Ақпараттың беру тәсілін біреулер біледі, біреулер білмейді. Соны игеріп, бір-бірімізбен пікір алмасудың ешқандай да артықшылығы, айыбы жоқ деп ойлаймын. 

Медиафорумның соңында бір топ ақпарат құралдарының өкілдері облыс әкімінің, журналистер одағының және министрліктің Құрмет грамотасымен, арнайы сыйлығымен марапатталды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг