Мемлекеттік қызмет саласында бюрократия азаймай тұр  

Цифрландыру жұмысы жолға қойылғанымен, іс-жүзінде толық орындалмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері ел тұрғындарына 74 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 98%-і электронды түрде жүзеге асты. Алайда адамның қатысуынсыз атқарылатын электрондық қызметтің үлесі 4%-ті ғана құрап отыр. Яғни қалған қызметтер мамандардың көмегімен іске асуда. Тиісінше, шағым да көп. Қазіргі сәттің өзінде қаралып жатқан шағымдардың саны 100-ден асады. Осыған байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде арнайы Консультативтік-сараптамалық топ отырысы өтті. Жиында қызмет көрсетуге арналған компьютерлік парктің 39%-і талаптарға сәйкес келмейтіні, олардың бірқатарын есептен шығару керектігі де айтылды. Сонымен қатар саланы серпілтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар талқыланды.

Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

– Бізде құжаттар тапсырылады, яғни электронды тұрғыда және электронды тұрғыдан құжаттарды алады. Бірақ ар жағында бұл қызметтерді атқарып отырғанның барлығы біздің мемлекеттік қызметшілер және басқа да азаматтық қызметшілер. Бұл бойынша біз Үкіметке өзіміздің ұстанымдарымыз бен ұсыныстарымызды бердік. Қандай заңдарда, қандай қарама-қайшылықтар бар, қандай жұмыстар атқарылу керек екенін.