Құрылыс компаниялары сәулет заңдарын сақтамайды – Сәулетші

«Жергілікті артқарушы биліктерде нағыз архитекторлар жоқ. Қаланың көркіне кім болса сол жауапты».

Бүгін Қазақстан сәулетшілер одағының өкілдері орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деп базыналарын жеткізді.

Айтуларынша, ірі мегополистердегі ғимараттар, тұрғын үй кешендері тіршілікке ыңғайсыз, логикаға қонымсыз, орынды-орынсыз бой көтеруде. Әсіресе Алматыда.

«Мұндағы құрылысшылар бұл аймақтың сейсмикалық жағдайын тіпті ескермейтін тәрізді»  дейді.

Биіктігі көкпен таласқан тұрғын үйлер жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптап кеткен. Мұндай бассыздықтың алдын алу үшін сәулет және қала құрылысынан хабары жоқтар бұл саладан барынша аластатылып, шаһардың бас архитекторы қызметіне тек аттестация жүзінде келулері қажет деген ұсыныс айтты.

«Салада бұдан басқа да кемшіліктер жетерлік. Сәулетшілердің мәртебесі сын көтермейтін деңгейде. Болашақ архитекторларды дайындау, оқыту жүйесі де кенде қалған. Әкімдіктер жанынан жұмыс істейтін қала құрылысының кеңестері де жоқ осы күнге дейін", - дейді.

Айта кетейік, жуырда Алматы әкімі сондай кеңесті алғашқылардың бірі болып құрды. Ол 1 тамыздан бастап жұмысын бастамақ.

Алексей Абилов, сәулетші:

- Біздің елде қаланың Бас жоспары өз бетінше, ал салынып жатқан нысандар өз бетінше жүреді. Құрылыс компаниялары Бас жоспарға бағынбайды. Осылайша тұрғындардың өмір сүруіне қолайсыз нысандар бой көтереді. Жоспарда қаншама есептеулер мен болжамдар көрсетіледі. Дегенмен, оны сызып болған соң «қалған іс біздің шаруамыз» деп, құрылысқа қаржы құятын инвесторлар кіріседі. Бұл жерде нарықтық экономикаға басымдық беріліп кетеді. Бұл дұрыс емес.