Туа біткен кереңдікті емдеуге мүмкіндік бар

Елена Шлейдің ұлы қазір 6 жаста.  Туғалы кереңдіктен анасымен тек ыммен тілдеседі. Баласын емдетем деп, Еленаның да бармаған жері қалмаған. Қайда барса да, емдеуге келмейді дегеннен басқа жауап алмапты. Алайда Елордадағы №2 көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері үзілген үмітті қайта жалғады, деп хабарлайды «хабар 24».

Ұлына кохлеарлық имплант қойылды. Қазір, операциядан кейінгі қалыпқа келу кезегінде жүргенін айтады.

Елена Шлей, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Ұлыма 1 жас 8 айында 4-дәрежелі кереңдік диагнозын қойды. Содан бері, ем-дом жасаумен келеміз. Есту аппаратын да көрдік. Оңалту орталықтарына барып, арнайы мамандарға да жүгіндік. Одан еш нәтиже болмады. Кохлеарлық имплант қойылады дегенді естіп осында арнайы келдім. Балам айналадағы дыбыстарды еститініне сенемін.

Кохлеарлық имплант – электрлық импульс түріндегі дыбыстық ақпарат. Міне, сол құрылғыны баланың құлақ-шеке тұсындағы терісінің астына орналдастырады. Яғни, бұл саңырау ауруын емдеудің заманауи әдісі.  Дәрігерлер бұдан кейін де анасының үні мен айналасындағы дыбыстарды есту үшін бақылап отырады.

Арман Әбілев, Оториноларингология бөлімшесінің меңгерушісі:

- Сәбидің есту қабілетінде ақау бары анықталса, бірден емдеуге көшкен жөн. Ал, кохлеарлық имплантты екі жастан орнатсақ, мектеп жасына дейін даму жағынан өз қатарластарына теңесе алады. Қазір бұрынғыдай емес, кезекті көп күтпейді. Соңғы 3 жылда имплантқа да тапшылық жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше жыл сайын мың баланың бір-екеуі ғана саңырау болып дүниеге келеді. Мамандар, кереңдік не ғұрлым ерте анықталса, соғұрлым емдеуге бейім болады дейді. Яғни баланың есту қабілетінде күдік болса, бірден дәрігерге жүгінген жөн. Себебі Қазақстанда кохлеарлық импланттау операциясы көш ілгері дамыған. Имплант аппараты да жеткілікті, дейді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Аят Дүйсенбаев