Шымкентте кәсіп ашамын деп қайтарымсыз қаржы алғандар ақшаға той жасаған

Шымкентте 23 адам мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп бастауға деп алған қайтарымсыз грант қаржысын мақсатсыз жұмсаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жанынан құрылған талдау маниторингінің тексерісі барысында анықталды. Ақшаны алғандар несиесін жауып, той жасаған. Былтыр «Бастау бизнес» арқылы жастарға басымдық беріліп, 784 адамға 585 мың теңге көлемінде қаржы берілген. Олар өз жобасын қорғау кезінде мал басын көбейтіп, нан өнімдерін шығарып, тігіншілікпен айналысатынын айтқан екен. Қазына қаржысын мақсатсыз жұмсағандар алғашқы ескертуден кейін ақшаны кері қайтарған. Сондықтан ереже бойынша жауапкершіліктен босатылды. Биыл бұл бағдарлама арқылы 1 мың 150 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржы қаралған. 

Балмаржан Нарбекова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

– Мемлекеттің қаражаты болғандықтан бұл өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл қаржы жаңағыдай басқа да мақсат та жұмсалуға көзделмеген. Бірақ жаңағыдай кредит қайтару, қарыз жабу сияқты тағы басқа мақсатта 23 азамат былтыр анықталды. Қазіргі кезде бұл қаражат мемлекет қазынасына қайтарылды.