Дәрігерлердің жұмысын қиындатып жібердік – Мәжіліс депутаты

Қостанайда облыстық балалар ауруханасын жөндеу жұмыстары екі жылға созылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы дау бітер емес. Олар өзара соттасып болғанша, балалар әр жерде емделуге мәжбүр. Өңірде дәрігер-педиатрлар да жетіспейді. Әсіресе ауылды жерлерде қиын болып тұр. «Аманат» партиясы жанындағы өңірлік қоғамдық кеңес отырысында осы және өзге де мәселелер айтылды. Кеңес жұмысына қатысқан Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева денсаулық сақтау саласын цифрландыруда да шешімін күткен мәселелер бар екендігін тілге тиек етті.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біз дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеміз деп, ақпараттық жүйені енгіздік. Бірақ керісінше қиындатып жібердік. Себебі бірнеше ақпараттық жүйенің арасында байланыс жоқ. Бірегей платформа құрамайды. Электронды бағдарламаға бір-бірін қайталған мәліметтерді толтыра береді. Одан серверге салмақ түсіп, интернет байланысы нашарлайды. Осыны ескеріп, біз Үкіметке медициналық мәліметтер базасының бірегей операторын бекіту туралы заң жобасын жібердік.