Ертіс өзенінен өтетін көпір салынады – Павлодар облысы

Биыл Павлодар облысын дамытуға 134 млрд теңге қарастырылған, оған қоса республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 23 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін өңірде жұмыс сапарымен болған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жауаптыларға осы қаражатты тиімді пайдаланып, аймақтағы азық-түлік бағасын бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ Ертіс өзенінен өтетін көпір салу керектігіне тоқталды. Бірнеше маңызды жолдар да жөндеуді қажет етіп тұр. Жалпы жыл соңына дейін нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесін республикалық желі бойынша 97%-ке дейін және жергілікті желі бойынша 93%-ке дейін арттыру керек. Өңір экономикасын әртараптандыру мәселесі де көтерілді. Осы мақсатта биыл жеке инвестициялар есебінен 44 млрд теңгеге жуық сомаға 66 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 1,7 трлн теңгеден астам сомаға тағы 48 жоба жобалау сатысында тұр.