Жетісу облысында спорт орталығы ашылды

Екі жарым мың халқы бар Черкаск ауылында осыған дейін спортпен айналысатын арнайы орын болмаған. Сол себепті жасөспірімдер көрші елді мекенге барып жаттығатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді жеткіншектер ешқайда сабылмай өз ауылдарында бокс, күрес, тау туризмі сынды спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға мүмкіндік алды.

Әли Әбікен, оқушы:

-Балалармен ақылдасып келетін боламыз. Көптеген жаттығулар істейтін боламыз. Ауылдан шыққан үлкен ағаларымыз сияқты боксер боламыз.

Сарқан қаласындағы Островский мектебінің оқушылары бірінші қыркүйектен бастап дене шынықтыру пәнін жаңа стадионда өтеді. Жаз бойы жүргізілген құрылыс жұмыстары аяқталып ойын алаңы пайдалануға берілді. Оқушылардан жасақталған футбол командасы алғаш рет жасанды төсеніште жолдастық кездесу өткізді.

Бабақұмар Ерғабылұлы, Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері:

-Былтырдан бастап салынып жатқан жеті алаң. Ол бәрі болашаққа балалардың денсаулығы үшін балаларымыз өркендеп өсе береді. Алла бұйырса балаларымыз осындай керемет алаңда жетістікке жетеді. Оны былай түбіне қарасақ Қазақстанның болашағы.

Алмат Үшкемпіров, облыстық Спорт басқармасының басшысы:

-Жетісу облысында үш нысанды беру жоспарланған. Ол Панфилов ауданындағы Пенжім және Үлкеншыған ауылындағы шағын спорт кешендері. Және Алакөл ауданы Бескөл ауылындағы спорт кешендері биыл желтоқсан айында аяқталуы керек. Және құрылысы жүргізіліп жатқан Алакөл ауданының Достық ауылы мен Лепсі ауылында 180 орындық спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Алдағы жылы өңірде дене шынықтыруға арналған тағы үш нысан салу жоспарланып отыр. Сол кезде Жетісу облысындағы он әкімшілік аймақтың барлығы спорт кешенімен қамтылады. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев