Жамбыл облысында жақында ғана салынған жаңа үй инфрақұрылымнан жұрдай

Жуалы ауданының орталығында 184 млн теңгеге салынған үйде 18 пәтер бар. Былтыр құрылысы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пәтерлер  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша  кезекте тұрған мұқтаж отбасыларына несиеге берілуі керек еді.  Бірақ үйде  көгілдір отын мен ауыз су жоқ.  Кәріз жүйесі қарастылмаған. Айналасын абаттандыруды да ұмытып кетіпті. 

Асқар Қойлыбай, Жуалы ауданының тұрғыны:

- Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан бері міне бірінші үй салғаны. Соның өзін қатырмай жатыр. Салғаннан кейін дұрыстап халыққа тарату керек қой.

Сапаркүл Аяпбергенова, Жуалы ауданының тұрғыны:

- Елдер салық төлеп жатыр, солардың ақшалары қайда мысалы да?  Небір жастар жүр ғой квартирасыз. Соларға бітіріп, очередпен берсін.

Бір жылдан бері қаңырап тұрған баспананың сапасы сыр бере бастады. Іргетасының бетон жабындысы да жарылыпты. Ал, жауапты бөлім басшысы, мәселе «Нұрлы жер» бағдарламасы тоқтап қалған соң туындады дейді. Негізі бір емес екі көппәтерлі үй салыну керек болған. Бірақ екіншісіне  қаржы бөлінбеген соң құрылысы тоқтаған. Әкімдік өкілі, бастапқыда қос үйге коммуналдық желіні қатар жүргізу керек едік дейді.

 

Нұрсұлтан Сауырбаев, Жуалы ауданы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Сыртқы жүйелері бөлек проект болатын. Бұл жердегі ол проектіде екі тұрғын үйдің сыртқы желілері қосылып жасалған. Екінші үйге қаржы бөлінуін күттік. Қазіргі таңда мердігер анықталып отыр. Биылғы жылы толық құрылыс жұмыстары аяқталады, сыртқы желілерінің.

Екінші үйдің қашан салынатыны белгісіз. Деседе аудан әкімдігі қол қусырып отырған жоқпыз дейді. Қазіргі таңда инфрақұрылымға 78 млн.теңге бөлген. Ендігі, ұтқан мердігер жыл соңына дейін жұмыстарды аяқтауға міндетті. Жоспарлы жұмыс жүйелі жүрсе, кезек күткен жұрт жаңа жылда пәтерлі болмақ. Жалпы,  Жуалы ауданында 700 адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Авторлары: Мерей Бает Руслан Ахатіллә