Астанадағы тұрғын үйдің күтіміне кім жауапты?

Астанада жаңбыр жауса, элиталық санатқа жататын үйдің паркингінде су сорғалайды. Қабырғалары сыз тартқан. Жылу жүйесі де жөндеуді қажет етеді. Тазалық дер кезінде жүргізілмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десе де үйді күтіп ұстауға төленетін ақы ай сайын алынып жатыр. Қызмет көрсететін компания жағдайды реттеу үшін мақсатты жинақ жасау керек деген бастама көтерген. Тұрғындар оған наразылық білдіріп, біздің арнаға хабарласты. Триумфальный тұрғын үй кешені. Элит санатты. Қаланың қақ ортасында орналасқан. Көпшілік армандайтындай-ақ сәулеті келіскен баспана. Алғашқы бөлігі 2011 жылы, соңғысы 2016-да пайдалануға берілді. Содан бері көп уақыт өткен жоқ. Десе де тұрғын үйдің астындағы автотұрақ көгеріп жатыр. Қар мен жаңбырда су сорғалайды.

Арайлым Бейсенбаева, тұрғын:

Міне, мынаның асты паркинг, сосын кладовкалар бар дүниелеріміз. Бәрін су алады. мынадан су кетеді. Мынаны вообще жаппайды. Оны ойлап та жүрген жоқ. Астында машиналар тұрады. Машинаның үстінде жаңбыр жауған кезде кәдімгі машиналарға да зақым келіп жатыр.

Мынаны қараңыз. Жоғарыдан аққан су көлікті ластамауы үшін иесі осындай тәсілге барған. Басқа амал жоқ. Ал тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін компания паркингте күрделі жөндеу жүргізу құзіретімізге кірмейді. Ауқымды жұмысқа ақшамыз да жоқ. Тұрғындар мақсатты жинаққа келіссе, ғана мәселе шешіледі дейді. 

Оразалы Қадринов, коммуналдық қызмет компаниясының заңгері:

– Тарифте күрделі жөндеу есептелмеген. Олар төлеген ақша қақпаны жеңіл жөндеуге, жуып-тазалауға, жарықтандыруға, вахтерге төленеді. Ал күрделі жөндеуге тұрғындар қосымша қаржы жинауы керек. Тұрғын-үй қатынастары туралы заңда бұл көрсетілген. Өйткені паркингте жүргізілуі керек жұмыс ауқымды. Бір-екі миллилон емес, 60-70 млн керек. Тұрғындар оны жинауға қарсылық білдіріп отыр.

Арайлым Бейсенбаева, тұрғын:

Мен айына 21 мың теңге төлесем, ол примерно средный баға. Айына 498 квартира бар. Кем дегенде минимальный 20 млн теңге Баритқа түседі екен. Сонымен қоса, сол ақшаны аз деп жөндеуге, теплоузелдарға ақша жинауларың керек дейді. Неге жинауымыз керек?

Тұрғындардың айтуынша, қызмет көрсететін компания жиналған қаржының қайда жаратылғаны туралы есеп бермейді. Бұған қоса, қызмет ақысын әр айдың соңында емес, басында төлеуді сұраған. Бұған қатысты компания өкілінің өз уәжі бар. Тариф 2018 жылдан бері өскен жоқ. Ал қызмет ақысы қымбаттады. Жұмысшылардың айлығын уақтылы төлеу үшін осындай қадамға амалсыз барыпты.

Сантехник, электриктердің жалақсы өсті. Бұрын қажетті құралдарды арзандау әрі қарызға ала беретін едік. Қазір бәрі өзгерді. Бізде артық ақша қалмай барады. Шықпа жаным-шықпа деп күнелтіп келеміз. Пәтер иелеріне бірлестігін құруды тұрғындарға ұсындық. Құжаттарды өткізіп, тіпті көмек көрсетуге дайынбыз. Бірақ олар бас тартып отыр.

Диляра Мұсабиева, тұрғын:

Біз пәтер иелерінің бірлестігін құрғымыз келді. Өйткені мына компаниядан пайда жоқ. Кеңселеріне барып бекітілген тарифтер және өзге де құжаттарды сұрадық. Сондай-ақ басқарушыдан біздің пәтер иелерінің бірлестігіне көшуімізге көмек беруді өтіндік. Бірақ ешқандай жауап болмады. Керісінше, астыртын кесірін тигізіп, кедергі жасады.

Қазір тұрғын үй кешенінің жылу жүйесін жөндеу керек. Әзірге кімнің есебінен болатыны белгісіз, қос тарап бір-біріне сілтеп отыр. Сөйтіп жүргенде аяз түсіп, 500 пәтері бар алып үй жылусыз қалуы да мүмкін.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа