Атырау облысында мердігер мекеменің ұрлығы ашылды

Атырау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мердігер мекеменің ұрлығын ашты.

Оқиға Индер ауданында болған.  Қазір инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу кезінде орындалмаған жұмыстың жалған актілеріне қол қою арқылы 43 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырмақ болғандар анықталып отыр. Аудандық құрылыс бөлімі мен «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  арасында «Аққала» ауылында жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге шарт жасасқан. Тапсырыс беруші қазан және маусым айларында орындалған жұмыс актілеріне қол қойған. Жұмысшылардың еңбек ақысы да төленген. Алайда тексеріс барысында, жұмыс сапасыз істелгендігі белгілі болды. Енді мемлекетке келген шығын мердігер мекемеден өндірілетін болады.

Жәнібек Қаражанов, СЖҚІҚА облыстық департаментінің басқарма басшысы:

- Департаментпен осы нысанға тексеру жүргізу барысында аталған инфрақұрылым жүйесі толықтай орындалмағаны анықталды. Қазіргі уақытта 43 млн теңгені бюджетке кері қайтару жөнінде Атырау облыстық әкімдігіне ұсыныс берілді. Осы ұсыныстың шеңберінде кінәлі тұлғалардан кері қайтарылатын болады.