«Медидез ҒӨБ» серіктестігі үздік экспорттаушы атанды

Дезинфекциялық құралдарды шығаратын кәсіпорын үздік экспорттаушы компания атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

«Алтын сапа» мен «Парызды» салтанатты табыстау рәсімінде «Медидез ғылыми-өндірістік бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «Ұлы дала елі» сыйлығы табысталды.

Компания бұл марапатқа ие болу үшін бірнеше жыл бойы табысты жұмыс істеді. Бұған дейін «MEDIDEZ ғылыми-өндірістік бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қазақстанның үздік тауары», «Іскер» сыйлықтарын алған.  Компания шығаратын қауіпсіз әрі сапалы дезинфекциялық құралдар тек елде ғана емес, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан ауруханаларында кеңінен қолданылады.

Әлия Қайрақбаева "Медидез ҒӨБ" ЖШС директоры:

- Бүгінгі таңда экспорттық үлесіміз 25% асады. Үш жыл бұрын тауарларымызды сыртқа шығара бастадық. Алғашында өнімдеріміздің тек 3% шетелдерге сататын едік. Естігендеріңіздей, бұл көрсеткіш қазір бірнеше есеге өсті. Бүгінде дезинфекциялық құралдарымыз Чувашия, Татарстанға, Санкт-Петербург, Мәскеу, тіпті Қиыр Шығысқа экспортталады.

«Медидез» 10 жыл бойы табысқа жетудің өзіндік әдісін жасаған компания. Серіктестік директорының айтуынша, марапат - ең алдымен ұжымның еңбегі.

Әлия Қайрақбаева "Медидез ҒӨБ" ЖШС директоры:

- Бұл марапат ең алдымен, біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді. Өсуге шабыт береді. Сапа мен брендті дамытуға ынталандырады.

Компания tap taza брендімен тұрмыстық химия тауарларын шығаруды бастады. Өнімдері Алматы дүкендерінде сатылады. Яғни «Медидез» даму жолында.