Алматы тұрғындарына 700 мыңнан астам медициналық оңалту қызметі тегін көрсетілді

Алматы тұрғындарына 700 мыңнан астам медициналық оңалту қызметі тегін көрсетілді. Бұл үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорынан 7,5 миллиард теңге бөлінген. Қордың филиал директорының айтуынша, бір ғана Алматының өзінде азаматтарды оңалтуға бөлінген қаржы 10 еседен астам өскен. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Ғалия Бейсембекова Қонаев қаласының тұрғыны. Сәуір айында инсульт алып, төсекке таңылған оның аяқ қолы қимылдаудан қалады. Бірақ, дер кезінде жасалған оңалту шараларының арқасында тез қалпына келген. 32 жыл ұстаз болып қызмет еткен Ғалия апай: «Қазір қолымның жазуға икемі жоқ, бірақ уақыт өте ол да қалпына келеді», - дейді сеніммен.

Ғалия Бейсембекова, Қонаев қаласының тұрғыны:

- Келген кезде енді жағдайым қиын болды. Оның үстіне анавризмге операция жасаған басыма сосын мен жүре алмаймын, аяғым қолым бәрі істемей келді аузым қисайған бір жағына. Осы жерге келіп, бір жасағанның өзінде аузым орнына келді, логопедтердің көмегімен.

Бұрын дер кезінде реабилитациялық көмекті алмағандықтан науқастардың көбі мүгедек  болып қалатын, - дейді сала мамандары. Қазір дерттің салдарынан толықтай айығуға мүмкіндік бар. Ол үшін науқас тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, портал арқылы оңалту орталықтарына өтініш қалдыра алады. Барлық шығынды Медициналық сақтандыру қоры өтейді.

Тілеухан Әбілдаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры:

- 2019 жылы Алматы қаласында осы жүйені енгізгенге дейін бар болғаны осы мақсаттарға 600 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Ал, 2022 жылы Алматы қаласында медициналық реабилитацияға оның әр түрлі кезеңдеріне 7,5 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Осы он айдың қорытындысы бойынша бүгінгі таңда Алматы қаласында нақты 5,8 миллиард теңгенің медициналық оңалту реабилитациялық қызмет түрлері көрсетіліп, ол бүгінде қаржы төленді.

Медициналық оңалтудан инсульт немесе инфаркт салдарынан мидағы қан айналымы бұзылған, омыртқасына, буындарына немесе кардиохирургиялық ота жасатқан, қимыл-қозғалысы зақымданған науқастар өте алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев