Атырауда жыл басынан бері 552 адам мемлекеттен қайтарымсыз несие алған

Атырауда жыл басынан бері 552 адам мемлекеттен қайтарымсыз несие алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға 505 млн теңге көлемінде қаржы беріліпті. Бұған дейін мемлекеттік грантқа ие болғандардың көбі тігін цехын ашып, кондитерлік өнімдерді дайындаумен айналысса, биыл кәсібін бастағандар жаңа бағытқа бет бұрған. Олардың арасында тыңайтқыш өндіріп, құрылыс материалдарын шығаратындар да бар. Қайтарымсыз несиенің көмегімен өңірде сұранысқа ие логопедтік орталық та ашылды.

Айжан Сейсенбайқызы 7 жылдық өтілі бар логопед маман. Қыркүйек айына дейін бірнеше логопедтік орталықта жұмыс істеген. Қайтарымсыз мемлекеттік несие туралы естігеннен кейін өз кәсібін ашуды қолға алыпты. Жуырда ашқан орталығына күніне 15 бала келеді.

Айжан Сейсенбайқызы, логопед-мұғалім:

- Қыркүйек айында бизнес жобамды қорғап, грантымды ұтып алдым. Мемлекет тарапынан қазір жас кәсіпкерлерге көптеген қолдау білдіріп жатыр. Қазір орталықта 6 логопед, 1 психолог маман жұмыс істейді. Бөлінген қаражатқа орталығымзға жиһарздар, аренда ақшасы және балаларға арналған дидактикалық ойыншықтармен қамтамасыз еттік.

Қазір сөйлеу қабілеті нашар балалардың саны өсіп барады. Сондықтан логопед мамандарға сұраныс та жоғары. Айжан кәсібін дөңгелетіп, енді аудандарда да логопедтік орталық ашуды жоспарлап отыр. Жалпы өңірде мемлекеттен қайтарымсыз несие алғандардың көбі – жастар. Олар әсіресе технологиялық бағытқа бет бұрған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсіп бастағандар да бар.

Еркебұлан Әбілқасымов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда 552 грант берілді. Оның ішінде 343-і, яғни 62 % – ауылдық жердің адамдары. 552 адамның ішінде 242-сі – жастар. 226-сы көп балалы аналар, 30 астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар, 38-і мүмкіндігі шектеулі жандарды асыраушылар.

Қайтарымсыз несие алған 552 адамның 90% көбі салық департаментінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз істерін жалғастырып жатыр.