Жұмыспен қамту қызметі ақылы болады

Бұдан былай халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері жұмысқа орналастырылған азаматтардың санына қарай жалақы алады. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.

Жоба биыл Астана қаласы, Қарағанды және Түркістан облыстарында пилоттық режимде сыналады. Кейін ел бойынша қолданысқа енеді. Әзірге жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын электронды еңбек биржасына енгізуге міндеттелді. Жұмыссыз азаматтар ол туралы арнайы мобильді қосымшадан біле алады. Алыс елді мекен тұрғындарына арналған жобалар әзірленеді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Жаңа құрылым жасақталады. Оған сай өңірлер деңгейінде бэк-офис функциясын еңбек ұтқырлығы орталықтары орындайтын болады, аудандар мен қалалар деңгейінде фронт-офистер мансаптық орталықтарға айналдырылған жұмыспен қамту орталықтары болады.