Қызылорда облысында егіс алқаптарының көлемі артады

Қызылордалық шаруалар көктемгі дала жұмыстарына әзірлікті бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейінгі жылдары құрғақшылықтан біраз шығынға батқан диқандар биыл мол өнім аламыз деген үмітте. Өйткені жыл басынан бері Сырдарияның саласы суға толды. Былтыр Қазалы ауданының егіншілері су тапшылығы салдарынан гектарынан 33 центнер шамасында күріш алды. Қамбаға 20 мың тоннадай астық жинады. Ал, биыл шаруалар егін бітік шығатынына сенімді.

Алға ауылдық округінің тұрғыны Мұхтар Тәжімұратов агроном, сушы, мелиоратор, күріш баптаушыға тиесілі жұмыстың барлығын өзі атқарады. Жер жыртатын трактор мен егін жинайтын комбайнды да тізгіндеп кете береді. Еңкейіп еңбек етіп, жомарт жерді идіруді жастайынан әке жанында жүріп үйренген. 40 жастан енді асқан Мұхтар 500 гектар жерге дән себетін шаруашылықтағы 30 жұмысшымен бірге техникаларды көктемгі дала дүбіріне қосуға даярлап жүр. Елді мекен маңында игерілмеген тағы мың гектардай жер бар. Диқан Мұхтардың ендігі арманы – бос жатқан көлемді алқапқа дақыл орналастырып, пайдасын ауылды түлетуге жұмсау.               

Мұхтар Тәжімұратов, диқан:

- Біздің елде бақша егіледі. Жер айдауға, қарықтауға байланысты техникаларды беріп тұрамыз. Дизель отыны өзімізден. Қолдан келгенше көмектесеміз. Орталықта жастар алаңы бар, соған сахна салып беруді мойныма алып отырмын. Шаруашылық дамып кетіп, жақсы болып жатса, орталыққа балабақша салып беруге атсалысамыз.

Өткен жылы 6300 гектарға күріш еккен қазалылық шаруалар биыл егіс көлемін 7 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Негізінен лидер мен сыр сұлуы тұқымы егіледі. Қуаңшылық салдарынан межеге сай қамбаға астық құя алмаған диқандар алдағы қоңыр күзде қырманды қызылға толтырудан үмітті. Егінші жылда арманда деген тәмсіл осыдан шықса керек.

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:

- Бақшалық, жоңышқалық, жүгеріміз бар. 17 700 га жерге егін егеміз деп жоспарлап отырмыз. Қазір шаруашылықтар техникаларын дайындап жатыр. Қажетті арзандатылған жанар-жағармай қорына өтінімдер берілді. Одан бөлек қажетті тыңайтқыш гербицид, песцицидке толық ұсыным беріп, мердігер мекемелермен келісімшартқа отырдық.

Аудандағы 245 агроқұрылымнан бөлек, 20 шақты ауылдық округ тұрғындары да егін науқанын тағатсыздана күтіп жүр. Өйткені дала дүбірі басталса, қазалылықтардың біразы келесі қысқа дейін маусымдық жұмыспен қамтылады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.