Елімізде жаңа цифрлық сервисті іске қосу жоспарланып отыр

Елімізде азаматтар мен бизнес үшін бірқатар жаңа цифрлық сервисті іске қосу және «Электрондық үкіметтің» архитектурасын жаңғырту жоспарланып отыр. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссия отырысында осы және басқа да мәселелер қаралды. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекеттік органдардың биыл іске асатын 66 цифрлық бастамасының тізбесі пысықталып жатқанын баяндады. Олардың ішінде мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы цифрландыру, мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдаудың бірыңғай цифрлық кезегі, әскерден босату немесе оны уақытша кейінге қалдыру рәсімін автоматтандыру сынды қызметтер бар. Үкімет басшысы, ұсынылған бастамаларды мақұлдады. Сондай-ақ цифрландыруды ілгерілету және қызмет көрсетудің проактивті форматын кеңейту халықтың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Сонымен қатар деректермен жұмыс істеу мәселесі талқыланды. Ол – бюрократиядан арылтудың негізгі элементі, осы орайда азаматтардан түрлі мәліметтер сұратылмауы керек, - деді Үкімет басшысы.