«ҚТЖ» ұлттық компаниясының паркі 100 вагонмен толығады

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының паркі жыл соңына дейін 100 вагонмен толығады.

Жаңа вагондар заманауи әрі әлемдік талаптарға сай болмақ. Яғни жолаушылардың қалауына сай кондиционер, бейнебақылау және өрт сөндіру жүйесімен толық жабдықталған. Теміржолдағылар, жолаушының қауіпсіздігі мен жайлылығына кепілдік бар деп отыр. Алдымен елдің батыс бағытында жүретін құрамдарды жаңарту жоспарланып отыр.

Соңғы 10 жылда "Жолаушылар тасымалының" паркі 50% жаңартылды. Бұл тұста компания жолаушылардың қауіпсіздігіне баса мән беріп отыр. Сонымен қатар жайлы темір жол көліктері экологиялылық тұрғыда халықаралық талаптарға сай келеді. Бұған дейін осындай 1200-ден астам вагон сатып алынған. Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жыл сайын шойын жолды жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Биылдың өзінде 1100 шақырымнан астам магистральды жаңарту жоспарланған. Қазір 600 шақырымнан астам жол жөнделді. Ал Достық-Мойынты бөлігіндегі екінші жолдардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жәнібек Тайжанов, "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директоры:

- Жыл соңына дейін "ЗИКСТО" компаниясы 100 жолаушылар вагонын жеткізеді. Сондай-ақ, 2025-2030 жылдар аралығында Stadler компаниясының 537 жоғары технологиялық вагондарын сатып алуды көздеп отырмыз. Ол вагондар  экологиялық таза дәретхана кешендері, электр қуаттағыш, бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Әрі, ауаны баптау жүйесі тағы бар.

Ал осы теміржол көліктерін өндірушілердің бірі еуропалық "Stadler" компаниясы. Вагондарды еліміздің климаттық жағдайларын ескере отырып, Қазақстан үшін арнайы жасап шығармақ.  Жолаушы вагондарын жеткізу және оларға техникалық қызмет көрсету бойынша екі-жақты келісім бар. Мемлекет басшысының 2021 жылғы Швейцарияға ресми сапары аясында компаниялар арасында стратегиялық ынтымақтастық орнаған болатын.

Авторы: Айнұр Қуатқызы