Шымкентте индустриалды аймақтың құрылысы кешеуілдеді

Ал Шымкентте құны 6 жарым миллиард теңге болатын индустриалды аймақтың құрылысы кешеуілеп барады.

Өндіріс орындары шоғырланатын жерге үш жыл бұрын инженерлік инфрақұрылым тартыла бастаған. Бірақ жұмыс сол уақыттан бері аяқталған жоқ. Себебі электр қуаты, газ, су, кәріз жүйелерін тартуға жауапты мердігерлер жұмысты ысырып қойып, өзара соттасып жатыр. Осының кесірінен инвесторлардың жобалары тұралап қалды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Индустриалды аймақта құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар мен металлургия, фармацевтика, жиһаз өндірісі жандануға тиіс. Барлығы 52 жоба ұсынылған. Бірақ 3 жылдан бері инженерлік инфрақұрылым толық жеткізілмей, жобаларды жүзеге асыру мүмкін болмай тұр.

Полимер бұйымдарын шығаратын өндіріс әуел бастан қараша айында іске қосылуы тиіс еді. Бірақ 2 млрд теңгеге бағаланған жобада ешқандай серпіліс байқалмайды. Құрылысқа жауапты Әбдумүтәлі Қалмырзаның айтуынша металл конструкцияларын дәнекерлеуге электр қуаты жетіспейді. Сол себепті дизельді генераторлардың көмегімен құрылғыларға қосымша қуат тартуға мәжбүр.

Әбдумүтәлі Қалмырза, құрылыс жетекшісі:

- Биыл бітіре аламыз ба деген едік. Оған түрлі себептер болды да сәл кешеуілдеп жатырмыз. Бізге бірінші кезде 5 КВТ берді. Ол қарап отырсаңыздар мынау фермаларды дәнекерлеп шығу үшін жетпейтін болды. Ол біріншіден жұмыстың жүру қарқынын төмендетті.

Жоспар бойынша индустриалды аймақта 52 инвест жоба пайда болуы тиіс. Қазір 12-сі ғана бой көтеріп жатыр. Жыл соңына дейін екеуі іске қосылады. Ал мемлекеттен жер алып, жобаны жүзеге асыра алмағандардың ісін арнайы  комиссия қарайды. Себебі талап бойынша жер алған өндіріс орындары бір жыл ішінде ашылуы шарт.

Біржан Әзімбердиев, қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- «Жұлдыз» индустриалды аймағында орналасқан 52 жоба бойынша қазір қайтадан қарап шығып жатырмыз. Бір жылда орындалмаған кәсіпорындарды қайтадан шығарамыз комиссия отырысына. Мүмкін комиссия қосымша уақыт берді оларға. Берсе қайтадан салады. Ал комиссия шешімімен жерді қайтару керек болса жерді қайтарып, басқа да инвесторларға мүмкіндік беру керек.

Қазір нысанға жаңа мердігер келді. Инфрақұрылым тарту ісі қайта жанданды. Ал бұның алдындағы мердігер сот ұйғарымымен шеттетілген. Оның мемлекеттік сатып алу конкурсын әділетсіз жеңіп, бәсекелестік заңнамасын бұзғаны белгілі болды.

Дәурен Ертай, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Ауызсу жүйесі бойынша қазір 90 % жұмысты құрап тұр. Кәзір жүйесі 70 %, электр жүйесі 87 %  және табиғи газ жүйесі 55 % жұмысты көрсетіп тұр.

«Арнайы кеңесте индустриалды аймақтарды дамыту жолдары сараланып, құрылысқа қажетті электр қуатын арттыру туралы келісім жасалды. Ал инфрақұрылым жүйелері келер жылы толық тартылады», - деді салаға жауаптылар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов