Ақмола облысында ауыл жолдары жаңартылып жатыр

Ақмола облысында ауыл тұрғындары жаңартылып жатқан жолдың сапасына наразы.

Сандықтау ауданына қарасты Новоникольский ауылының жолы биыл күрделі жөндеуден өткен. Бірақ бір-екі айдың ішінде жаңарған жол баяғы қалпына түсіп, ой-шұңқыры қайта шыққан.

Новоникольский ауылы бағытындағы мына жол биыл жөнделді деп айту қиын. Себебі ойдым-ойдым шұңқырдан көз сүрінеді. Ал жаңа төселген асфальт әр жерден жарылып кеткен.

Дмитрий Рейтаров, Новоникольский ауылының тұрғыны:

- Жаңа асфальттің қазір тоз-тозы шықты. Ауыр жүк көліктерін былай қойғанда, біздің жеңіл көліктер өткенде үгітіліп жатыр. Сапасы өте төмен. Жаңа жолдыың салынғанына небәрі бір ай өтті. 

Жалпы жөнделетін жолдың ұзындығы 18 шақырым. Қазір соның 9 шақырымы аяқталды. Құрылыс жұмыстарына 700 млн астам теңге бөлініп отыр. Ал мердігерлер тиісті олқылықтарды ретке келтіріп, қалған 9 шақырымды жөндеуден бас тартқан.

Зейнолла Исмағұлов, Сандықтау аудандық автомобиль жолдары және ТҮКШ бөлімі басшысының м.а:

- Тоғыз шақырымның салынбай қалу қаупі төніп тұр. Ол жағынан біз мердігерлермен тағы жұмыс істеуге тырысамыз. Биыл егер болмай қалатын болса, онда қазір осы күзде және келесі жылға сметный документация қайта жасап, оны қорғап, қаржарат бөлуге бар күшімізді саламыз.

Жол сапасына жауаптылар 20-ға жуық сынама алып, ешқайсысы талапқа сәйкес келмеген. Ал тиісті басқарма өкілдері осындай жауапсыз мердігерлерге қарсы күресті күшейтеміз деп отыр. 

Владимир Кулаков, Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Мердігерлерді сотқа кез келген уақытта беруге болады. Бірақ бұдан мәселе түбегейлі шешілмейді. Керісінше жұмыс тоқтап, материал қымбаттап кетеді. Себебі сот процесі жарты немесе бір жыл жүруі мүмкін. 

Биыл аймақта мың шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр. Қазір соның 95 пайызы орындалған. Ал жақында келер жылы жаңартылатын жолдар белгілі болады.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный