«Брат или Брак 3» үлкен экранға шығады

Белгілі актриса әрі кинопродюсер Құралай Анарбекованың «Брат или Брак» комедиясының үшінші бөлімі үлкен экранға шығады.

Трилогияның жабық көрсетілімі Алматыдағы кинотеатрда өтті. Отбасылық құндылықты дәріптейтін фильмнің негізгі айтар ойы – ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сенімі. Комедияның премьерасы 1 наурызда басталады.

Көрерменге жақсы таныс кейіпкерлер - Айдар мен Гауһардың отбасылық шытырманы тағы жалғасады. Бұл жолы дәрігердің қарауына барған жүкті келіншек құрсағындағы сәбидің егіз екенін біледі. Бірақ, жағымды жаңалық ерлі-зайыптылар арасына сызат түсіреді. Себебі, Айдар мен Гауһардың тұқымында егіз болмаған. Мәселенің мән-жайын анықтауға кіріскен отағасы, күтпеген жаңалыққа тап болады. 

Дәурен Серғазин, актер:

-Бұл енді халықтың туындысына айналған үлкен туынды болды. «Брат или Брак» 3-ші бөлімі біріншісіне де, екіншісіне де ұқсамайды. Сонысымен мені қызықтырды. Менің образым мүлде басқа жағдайларға түседі. Сол актерлік өнерді басқа қырынан танытуға мүмкіндік туындайтындай жазылған сценарий болағаннан кейін, мен келістім.

Айдардың қайын ағаларын бұрынғыдай Бауыржан Қаптағай, Әбунасыр Серіков, Олжас Абай ойнайды. Шытырман оқиғалы картинаның режиссері Ануар Матжанов. Картинаның продюсері әрі басты кейіпкері Құралай Анарбекованың айтуынша, фильм осы үшінші бөліммен аяқталады.

Құралай Анарбекова, продюсер:

- Мен саны емес сапасы болғанын қалаймын. Тізесі шыққанша созбай, одан да 3-мен шектелген дұрыс болар деп ойлаймын. Өйткені біз өстік, өндік. Енді 7 жыл бұрын жас болсақ қазірде жас келді демекші. Басқа да идеялар көп. Болашақта бұйыртса соларды жарыққа паш етеміз.

КТМ: Фильмнің алғашқы екі бөлімі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Брат или Брак 3» комедиясы 1 наурыздан бастап үлкен экранға шығады. Фильмді еліміздегі Kinopark & Kinoplexx кинотеатрлар желісінен көре аласыздар.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бесекенов